Өмірзақ Шөкеев арыстықтармен бірге тұрады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыста бір ай тұрып, жөндеу жұмыстарын қадағалайды. Бұл туралы әкімнің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов айтты.

Облыс әкімі Арыс тұрғындарымен кездескенде олармен бірге тұратынын айтты. Өмірзақ Шөкеев облысты Арыста отырып басқарады. Қаланың қалпына келуін қадағалайды, — деді Сәкен Қалқаманов.

Оның айтуынша, бірінші кезекте үйлерді қалпына келтіру туралы шешім қабылданған.

Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Оның әрқайсына бір облыстан беріледі. Мысалы, Атырау облысы ең күрделі сектор — Көктем шағынауданы берілді. Онда снарядтар көп жарылған. Қазір әскерилер шағынауданды тазартып жатыр. Содан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады, — деді әкімнің кеңесшісі.

Арыста 7600 үйдің барлығының терезесі сынған, 80%-інің шатыры қираған. Арнайы комиссия үй-жайларды, ғимараттардың құрылысын тексереді. Содан кейін жағдайды қарай қалпына келтіру туралы шешім қабылданады. Ұлттық компаниялар мектеп, аурухана, ХҚКО ғимаратын қалпына келтіреді.

Өмірзақ Шөкеев арыс тұрғындарының әрқайсымен сөйлесуге дайын. Қаланың әр секторына облыс әкімдері тағайындалған. Олар Өмірзақ Шөкеевке азық-түлікті жеткізу, жоғалған құжаттарды қайта рәсімдеу, құқықтық тәртіп сияқты маңызды мәселелерде көмектеседі, — деді Сәкен Қалқаманов.

ДереккөзТengrinews.kz