Арыста тұрғын үй мен дүкенді тонаған 3 адам ұсталды

Арыста дүкен мен тұрғын үйді тонағаны үшін үш адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Қазір Арыс қаласының периметрі бойынша күзет орындары қойылды. Қалада ешкім қалмады. Тұрғындардың қалаға кіруіне тыйым салынған. Тұрғын үйлерге зақым келген. Жарылмаған снарядтар бар. Қалада тонау деректері болмауы үшін 75 полиция жасағы жұмыс істеп жатыр. Қазір үш адам ұсталды, олар екі қылмыс жасаған: бір дүкенді қиратып, бір тұрғын үйді тонаған, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, қаладан шыққан және кірген автокөліктер тексеріліп жатыр.

Эвакуацияланған азаматтардың мүлкін полиция қызметкерлері күзетеді. Оқиға орнынан көшірілгендерге жеке құрамның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы көмек көрсетіп жатыр. Мұның ішінде 193 қызметкер және 23 техника азаматтық қорғау органдарына тиесілі. 270 қызметкер мен 30 техника полиция бөліністерінен тартылды.

Арыстағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұланының әскери бөлімінен 500 жауынгер жіберілді.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

Бұған дейін екі азаматтың қайтыс болғаны хабарланған.

ДереккөзТengrinews.kz