Арыстағы жарылыс. Екі адам қайтыс болды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыста екі адамның қайтыс болғаны туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Арыстағы оқиға орнына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берді. Тиісті шаралар ұйымдастырылып, Арыс тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өкінішке қарай, қаза болғандар бар: бір азамат және бір әскери қызметші. Туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі, — деді премьер-министр үкімет отрысында.

Кеше, 24 маусымның түнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа ұшып барып, эвакуацияланған халықпен кездесті. Ол зардап шеккендерге Үкімет жәрдемдесетініне уәде берді.

Қаланы қалпына келтіреміз. Бәрі жақсы болады, сабыр етіңіздер. Бұл – төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кей уақытта солай болады. Үкімет қаражат береді, көмектеседі, уайымдамаңыздар. Жөндеу жүргізіледі. Мен арнайы келдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін бір азаматтың қайтыс болғаны хабарланған. Оның көлігіне снаряд түскен.

Қазір Қазақстан бойынша “Арыс, біз біргеміз” акциясы басталды. Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері жарылыстан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударады. Бұл бастамаға депутаттар да қосылған.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс салдарынан бір адамның қайтыс болғанын, 31 адамның зардап шеккенін хабарлады.