Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде қызметке ресми кірісу рәсімі өтті.
Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 42-бабына сәйкес халыққа ант берді. Мемлекет басшысы ант берерде қолын Қазақстан Республикасы Конституциясына қойып, анттың Конституцияда белгіленген мәтінін оқыды:
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, — деді ол.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үнемі есеп беруге, тек уәде бермей, оны іс жүзінде жүзеге асыруға уәде берді. Ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туға жақындап келіп, сүйді.
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
ОСК төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президенті куәлігін тапсырды.
Соңында Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.
Ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ салтанатты іс-шарада Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғары сот судьялары, министрлер мен шетелден келген елшілер, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, президенттікке үміткер болғандар, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент әкімдері болды. Шараға барлығы 2500 адам қатысты.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті.