Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті сенатор» куәлігіне ие болды

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысы алдында Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.

Сенат тарихында ерекше күн болып отыр. Өткен аптадағы палата отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа құрметті сенатор мәртебесін беру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын сенаторлар бірауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады. Сенат бюросы қабылдаған құрметті сенатор мәртебесі туралы ережеге сәйкес маған арнайы төсбелгі мен куәлікті сізге Сенат атынан тапсыру жүктеліп отыр, — деді Парламент Сенатының спикері Дариға Назарбаева.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.

Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған құрметті сенатор мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екенін айтты.

Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамып, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер сол құжаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер. Реформалардың табысты болуы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.

Біздің басты жетістігіміз — елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Әлемдік қоғамдастықтың қабылдаған шешіміме білдірген пікіріне таңғалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзитіне қатысты мәселені қалай шешуге болатынын көрсеттік, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мамыр айының соңында Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор мәртебесі берілген еді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сонымен бірге отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, ҚР Парламенті Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор мәртебесін беру туралы шешімді қабылдады.