Жаппай сатылым кезінде кейбір сатушылар бағаны алдын ала көтеріп, кейін қомақты жеңілдік жасағандай көрінеді. Ал алаяқтар танымал дүкендердің атын пайдаланып, жалған сайттар ашады. Мұндай жағдайдан қалай сақтануға болады? ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында іске асыратын жобаларының бірі – FinGramota.kz мамандары қауіпсіз сауда жасауға көмектесетін кеңестерін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жеңілдікке дейінгі бағаны алдын ала тексеріңіз
Сарапшылардың айтуынша, кейбір сатушылар сатылым басталардан бірнеше апта бұрын тауар бағасын әдейі көтеріп, кейін оны бұрынғы бағасына түсіріп, қомақты жеңілдік жасап жатқандай көрінеді. Сондықтан сатып алуды жоспарлаған тауар бағасын алдын ала бақылап, әртүрлі дүкен ұсыныстарын салыстырған жөн.
«Тек бүгін!» деген жарнамаға сене бермеңіз
«Соңғы мүмкіндік», «Тауар аз қалды» немесе «Жеңілдік бүгін аяқталады» деген хабарламалар көбіне сатып алушыны асықтыру мақсатында қолданылады. Мамандар мұндай маркетиң тәсілдеріне ермей, сатып алу туралы шешімді асықпай қабылдауға кеңес береді.
Белгісіз брендтерді мұқият зерттеңіз
Өте қомақты жеңілдіктер ұсынатын жаңа немесе танымал емес брендтердің өнімдерін сатып алмас бұрын олардың беделін тексерген дұрыс. Ол үшін тәуелсіз платформалардағы пікірлерді оқып, әлжелі қолданушыларының тәжірибесімен танысу ұсынылады.
Жалған сайттардан сақ болыңыз
Жаппай сатылым кезінде алаяқтар танымал дүкендер мен маркетплейстердің сайтына ұқсас жалған парақшалар жасап, тұтынушылардың банк картасы деректерін иемденуге тырысады.
Сарапшылар сайт мекенжайын мұқият тексеруге, оның https:// протоколымен ашылатынына назар аударуға және белгісіз сайттарға банк картасының деректерін енгізбеуді ескертті (сайт атауы https:// басталуы керек, «s» әрпінің болмауы сайттың жалған екенін көрсетеді).
Онлайн төлемге бөлек банк картасын пайдаланып, барлық аккаунтта екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.
Сатып алу шарттарын оқуды ұмытпаңыз
Мамандар тауарды рәсімдемес бұрын жеткізу, айырбастау және қайтару шарттарымен міндетті түрде танысуға кеңес береді. Қажет болса, оларды дәлел ретінде пайдалану үшін тауар сипаттамасы мен сатып алу шарттарының скриншоттарын сақтап қойған жөн.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, сыртқы түрі мен тұтыну сипаты сақталған тауарлардың басым бөлігін 14 күн ішінде қайтаруға болады. Бұл талап іш киім, дәрі-дәрмек, шұлық сияқты жекелеген тауар санаттарына қолданылмайды. Сатушы тауарды қабылдаудан заңсыз бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға шағымдануға құқылы.
Сарапшылардың пікірінше, маусымдық жеңілдіктер кезінде ең тиімді шешім – эмоцияға берілмей, алдын ала жоспарлап сатып алу. Бұл артық шығыннан да, интернет-алаяғының құрбаны болудан да сақтайды.
