Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жангелді ауылында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев ісі бойынша сот жарыссөзі аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы айыпталушыны өзіне тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оған төрт адамды өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы, сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша айып тағылған.
Прокурор қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын ескере отырып, соттан Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Соттағы жарыссөз барысында айыпталушы Наурыз Мұқанғалиев қасақана өлтірді деген айыпты тағы да мойындамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ер адам жанжал кезінде өзін қорғамақ болған сәтте қаза болған. Ал отбасының қалған мүшелерін өлтіргенін ол бұған дейін мойындаған.
Енді сот айыпталушының соңғы сөзін тыңдағаннан кейін үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, өткен жылдың желтоқсанында Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, інісі мен сіңлісін өлтірген. Осыдан кейін ол бірнеше апта бойы қылмысты жасыру үшін марқұмдардың телефондары арқылы хабарламаларға жауап беріп, олардың қаржысы мен шаруашылығын басқарған және отбасы тірі деген әсер қалыптастыруға тырысқан. Кейін ол Қазақстаннан кетіп, Индонезияда ұсталып, елге экстрадицияланған.
Естеріңізге салайық, биыл қаңтар айында Атырау облысында тұтас отбасының жоғалып кеткені белгілі болды. Кейін ерлі-зайыптының, одан соң олардың екі ересек баласының мәйіті табылған еді. Бұл қылмыс бойынша бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталып отыр.
