Пластик қалдықтары көзге көрінгенімен, одан бөлінетін микропластиктерді байқау мүмкін емес. Алайда ғалымдар бұл ұсақ бөлшектердің ауа, ауызсу және тағам арқылы адам ағзасына түсетінін ескертіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) жариялаған арнайы есебінде микропластиктердің адам денсаулығына ықтимал әсеріне қатысты бүгінге дейінгі ғылыми зерттеулерді жинақтап, бағалады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Микропластик дегеніміз не?
Микропластик – өлшемі 5 миллиметрден аспайтын пластик бөлшектері. Олар пластик қалдықтарының уақыт өте келе ұсақталуынан немесе өндіріс барысында арнайы дайындалған шикізат ретінде пайда болуы мүмкін.
Ал одан да кішкентай бөлшектер нанопластиктер деп аталады. Олардың көлемі өте ұсақ болғандықтан, қоршаған ортада таралуы мен адам ағзасына әсерін ғалымдар әлі зерттеп жатыр.
Микропластик қайдан пайда болады?
ДДСҰ мәліметінше, микропластиктердің негізгі шығу көздері мыналар:
- пластик бөтелкелер мен азық-түлік қаптамалары;
- бір рет қолданылатын пластик бұйымдар;
- синтетика матадан тігілген киім талшықтары;
- автокөлік шиналарының тозуы;
- табиғатта ыдыраған пластик қалдықтары.
Осы бөлшектер кейін өзен-көлдерге, мұхиттарға, топырақ пен ауаға таралады.
Адам ағзасына қалай түседі?
ДДСҰ есебіне сәйкес, микропластиктер адам ағзасына негізінен екі жолмен енеді.
Біріншісі – тағам мен ауызсу арқылы. Зерттеулерде микропластик бөлшектері ауызсудан, теңіз өнімдерінен, ас тұзынан және кейбір азық-түлік түрлерінен анықталған.
Екіншісі – тыныс алу арқылы. Үй ішіндегі және сыртқы ауа құрамында кездесетін пластик талшықтары адам дем алған кезде өкпеге түсуі мүмкін. Әсіресе, синтетика матадан жасалған киімдер мен тұрмыс заттары мұндай бөлшектердің таралуына әсер етеді.
Адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?
ДДСҰ жариялаған есептің негізгі қорытындысы – микропластиктердің адам денсаулығына ұзақ мерзімді әсері туралы ғылыми дәлелдер әзірге жеткіліксіз.
Ұйым сарапшылары қазіргі зерттеулердің әдістері мен нәтижелері әртүрлі болғандықтан, нақты қауіп деңгейін бағалау қиын екенін айтады. Сондықтан бүгінгі таңда микропластиктердің белгілі бір ауруға тікелей себеп болатыны әлі дәлелденген жоқ.
Бұл мәселе әлі де зерттеуге тиіс. Өйткені зертхана тәжірибелерінде микропластиктердің жасушаларға әсері, қабыну реакцияларын күшейтуі және тотығу стрессін арттыруы мүмкін екені байқалған. Бірақ мұндай нәтижелердің көбі жануарларға немесе зертханада жүргізілген тәжірибелерден алынғандықтан, оларды адам ағзасына тікелей қатысты деп айтуға әлі ерте.
Микроластиктер ана сүтінен де табылған
Ғалымдар микропластиктердің ана сүтінен де анықталғанын айтады. Мәселен, 2022 жылы жарияланған пилоттық зерттеуде 34 әйелдің 26-сының емшек сүтінен микропластик бөлшектері табылған. Кейінірек жүргізілген тағы бір зерттеуде 59 сынаманың шамамен 39%-ынан микропластик анықталды. Алайда зерттеушілер бұл бөлшектердің нәрестелердің денсаулығына ұзақ мерзімді әсері әзірге толық зерттелмегенін және емшек сүтінің пайдасы кез келген ықтимал қауіптен әлдеқайда жоғары екенін айтты.
Ғалымдар не дейді?
ДДСҰ микропластиктің өзі ғана емес, оның құрамындағы химиялық қоспалар мен бөлшектердің бетіне жиналатын басқа ластайтын заттардың да ықтимал әсерін зерттеу қажет екенін атап өтеді.
Өте ұсақ нанопластиктердің ағзада қалай қозғалатыны, қандай мүшелерге жетуі және ұзақ уақыт бойы қандай өзгерістер болуы мүмкін екені туралы ғылыми деректер әлі де жеткіліксіз.
ДДСҰ қандай ұсыныс айтты?
Ұйым микропластик мәселесін зерттеуді күшейту үшін бірнеше бағытқа назар аударуды ұсынады:
- микропластиктерді анықтаудың бірыңғай халықаралық әдістерін енгізу;
- нанопластиктердің ағзаға әсерін тереңірек зерттеу;
- пластик қалдықтарының қоршаған ортаға таралуын азайту.
Микропластик әсерін азайтуға бола ма? Не істемек керек?
Мамандар микропластиктен толықтай қорғану мүмкін емес екенін айтады. Дегенмен оның мөлшерін азайтуға көмектесетін қарапайым әдеттер бар:
- бір рет қолданылатын пластик бұйымдарын сирек пайдалану;
- қайта пайдаланылатын шыны немесе металл ыдыстарды таңдау;
- тағамды пластик ыдыста қыздырмау;
- үйді жиі желдетіп, су шүберекпен сүртіп отыру;
- пластик қалдықтарын қайта өңдеуге тапсыру.
