— Манар Асырқызы, қазір еліміздегі эпидемиология ахуалы қандай? Қандай вирустар қауіп төндіріп отыр?
— Дәл қазір елімізде қызылша ауруы алаңдатып отыр. Бұл аурудың өршуі былтыр қарашада басталды. Қазірге дейін қызылшамен 7 мыңға жуық адам ауырды. Оның 30%-ы ересектер, 70%-ы балалар арасында тіркелді. Вакцинация жасына жетпеген сәбилердің де қызылша жұқтыруы жиілеп кеткен. Қызылшамен ауырып тіркелгендердің 80%-ы вакцинация қабылдамаған. Энтеровирус (ішек жұқпасы) инфекциясы да қауіп төндіріп отыр. Бұл вируспен балалар ауырады. Вирустың алдын алу үшін бүкіл аймақтағы қоғамдық тамақтану орындарына да ескерту жасап жатырмыз. Ал тұмау бойынша еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
Ораза аяқталып, той маусымы басталды. Әсіресе, осы кезде сақ болған жөн. Тойханадағы, мейрамханадағы аспаздар, даяшылар мен басқа да қызметкерлер қандай да бір аурумен ауырса немесе қолында жарақаты болса, мұндай жұмысқа араласпағаны дұрыс. Өйткені олар өзіндегі вирусты өзге адамға жұқтыруы мүмкін.
Ораза кезінде мешіттерде ауызашар көп беріледі. Осы кезде имамдарға да ескерту жасадық. Оразаға да, ауызашар беруге де қарсы емеспіз. Бірақ санитарлық талаптарды өте мұқият сақтау қажет. Өйткені мешіттегі ауызашарға кем дегенде 100-150 адам келеді. Сондықтан тамақ дайындайтын, тіпті, ыдыс-аяқ жуатын адамдарға да қатаң талап қою керек. Өйткені ыдыс дұрыс жуылмаса немесе оның ішінде тамақ қалдығы қалып кетсе, оған микроб түсіп, түрлі вирус тарауы мүмкін.
— Қыс пен жаз кезіндегі тұмаудың қандай айырмашылығы бар?
— Егер жазда тұмау тіркеліп, өршіп жатса, біз оған қатты назар аударамыз. Өйткені Қазақстанда жаз мезгілінде тұмау тіркелмейді. Ендеше вирус басқа жақтан келген. Осы кезде тіркелген вирустың циркулиясын, антигені өзгеріске ұшырады ма, оның соңы өлім-жітімге әкеле ме — соны зерттейміз. Күн сайын қадағалап отырамыз. Аймақтардан мәлімет аламыз. Қанша адам ауырды, оның қаншасына лабораториялық диагностика жасалды, вирустың қандай түрі анықталды, медициналық көмекке неше адам жүгінді — барлығын қадағалаймыз. Негізі тұмау маусымы қазанда басталып, мамырға дейін созылады. Қазақстанда тұмау және басқа вирустар желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында көп тіркеледі. Тұмаудан сақтанудың бір жолы — иммунитетті нығайту мен вакцинация.
— Тұмау немесе басқа да вирусты алдын алудың вакцинациядан басқа қандай тәсілі бар?
— Кез келген вирустан сақтанудың ең қарапайым жолы — жеке гигиенаны сақтау. Қолды жиі жуып, оны үнемі таза ұстау қажет. Өйткені адам түшкіргенде немесе жөтелгенде қолымен аузын жабады. Кейін қолды жумай, есіктің тұтқасын немесе басқа да заттарды ұстауы мүмкін. Осы кезде вирус басқа адамға жұғады. Егер қандай да бір вируспен ауырып жүрсеңіз, бетперде киіңіз. Таза ауада серуендеп, спортпен айналысыңыз. Дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз. Халық көп жиналатын орындарға, сауда ойын-сауық кешендеріне адам аз кезде баруға тырысыңыз.
— Тұмауды үй жағдайында емдейтіндерге не айтасыз?
— Қазір Украинада тұмаудың қауіпті түрі тарап жатыр. Оның соңы өліммен аяқталып жатқан жағдай да тіркелді. Бұл вирус бізге де келуі мүмкін. Қазақстанда да өткен жылы тұмаудың соңы өліммен аяқталған жағдайлар бар. Былай қарағанда тұмау жеңіл вирус сияқты көрініп жатады. Жүкті әйелдерге, қарт адамдарға, кішкентай балаларға тұмау қатты әсер етуі мүмкін. Өйткені бұл вирус жылдам асқынып кетеді. Сондықтан олар ауырып тұрса, үйде емделмей, учаскелік дәрігерге қаралғаны дұрыс.
— Тағам арқылы қандай ауру жұғуы мүмкін? Қоғамдық тамақтану орындары санитарлық-гигиеналық, эпидемиологиялық талаптарды сақтап отыр ма?
— Қарнымыз ашқанда көшеден бірдеңе алып жей саламыз. Соның өзі — қате. Өйткені көшеде сатылатын тағам өнімдері кейде санитарлық талапқа сай болмай жатады. Салдарынан адамдар тамақтан уланып немесе вирус жұқтырып жатады. Сальмонеллаза, стафилококк, ботулинус сияқты тамақ арқылы жұғатын вирустар бар.
Елімізде ашылған әр тойхана немесе асхана қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне, салық органына тіркелуі керек. Егер осындай орында дайындалған тамақтан уланып немесе вирус жұқтырсаңыз, оны дәлелдей алуыңыз керек. Мұндай орындардан тамақ сатып алғанда міндетті түрде чек талап етіңіз. Өйткені чек арқылы ғана сол жерде тамақтанғаныңызды дәлелдей аласыз.
Адамдар кездейсоқ жерден қандай да бір өнімді сатып аларда ойлануы керек. Көшеден сүт, ет өнімдерін сатып аларда мұқият болыңыз. Бірақ мұндай өнімдердің барлығы бірдей адамға зиян келтіреді деп айта алмаймыз және сатылуына да қарсы емеспіз. Тек оны сатарда малдың қандай да бір аурумен ауырмайтынын қадағалыңыз. Мысалы, малда бруцеллез ауруы жиі кездеседі. Бұл — өте қауіпті ауру. Бұл аурумен жас балалар ауырса, оның соңы бедеулікке, буын ауруына әкелуі мүмкін.