Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Сингапур тәжірибесі. Қазақстанда жаңа тест сынақтан өтеді

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талапкерлерге арналған жаңа форматтағы тестілеу жүйесі әзірленіп жатқанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрдің айтуынша, жаңа тестің қазіргі атауы – AIT (Admission Insight Test). Бұл жүйе талапкердің тек білім деңгейін ғана емес, сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылығын және көшбасшылық қасиеттерін де бағалауға мүмкіндік береді.

Өмірде теориялық білім мен интеллект қана табыстың басты факторы емес. Көп жағдайда ерік-жігері мықты, кәсіпкерлік ойлауы мен коммуникациялық қабілеті жоғары адамдар жетістікке жетеді. Сондықтан бізге талапкердің толық картинасын, яғни 360 градустық бағалауын жасау маңызды, – деді Саясат Нұрбек үкіметтегі брифиңде.

Министрдің сөзіне қарағанда, мұндай әдістемелер Сингапур мен Қытай елдерінде кеңінен қолданылады. Олар баланың болашақтағы даму әлеуетін бағалауға бағытталған.

Сингапурда «helicopter capability» деген ұғым бар. Яғни адамның жоғары көтерілу, өсу қабілеті бағаланады. Біздегі «өсетін бала» деген түсінік сияқты, – деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа тесті 2027 жылы пилоттық режимде сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Оны талапкерлер ҰБТ-мен қатар тапсыра алады.

Министрдің айтуынша, талапкерлер толықтай жаңа форматқа көшкенге дейін ұлттық бірыңғай тестілеу сақталады.