2017 жылғы мәліметтер бойынша елімізде бедеулікке шалдыққан жұптардың саны 20 мыңға жеткен. Оның 12 мыңы консерватив және операциялық емге, қалған 8 мыңы экстракорпорал ұрықтандыруға мұқтаж. Ерлі-зайыптылардың арасында баланың болмауы 50% жағдайда еркекке байланысты екен. Дәрігерлердің айтуынша, бедеулік тек әйелдерде емес, еркектерде кездеседі және бұл көрсеткіш жыл өткен сайын бір-бірімен теңесіп келеді. Ары қарай ерлер бедеулігі туралы уролог-андролог Нұрлан Мұқанов әңгімелейді.

Бұл тақырып қоғамда ашық талқыланбайды

Нұрлан Ерлжанұлы, уролог, андролог, дәрігер
Нұрлан Мұқанов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ерлі-зайыптылар ешқандай қорғанусыз, жүктілікті болдырмайтын гормонал дәрілерді қолданбай бір жыл көлемінде тұрақты жыныстық қатынасқа түссе, бірақ бала болмаса, онда бұл диагнозды медицинада «бедеулік» деп атайды. Өкініштісі, осы дерттен зардап шегетін ерлі-зайыптылар алдымен халық емшілерін, әулие-әмбиелерді аралап, нәтиже болмағанда ғана дәрігерге келеді.

Ерлердің бедеулігі қоғамда ашық талқыланбайды. Ер азамат кінәні өзінен іздемейді. Әдетте мұндай проблеманың соңы олардың дәрігерге қаралуымен емес, көбінесе ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталып жатады. Бірақ әйелдің бала көтере алмауы еркекке де байланысты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан әйелмен бірге ер азамат та бір уақытта дәрігерге қаралуы қажет. Ерлерге уролог-андролог, ал әйелдерге гинеколог көмектеседі.

Кеселге не себеп болады?

Еркек бедеулігінің себебі әртүрлі. Ер адам жас күнінде қорғанбаған жыныстық қатынасқа түсіп, ауру жұқтырса, ұрық жүретін түтікшелерде қабыну процесі болады. Салдарынан орхит, простатит, уретрит, везикулит, эпидидимит деген аурулар пайда болады. Осы аурулардың барлығы еркек ұрығының сапасын төмендетіп, белсіздікке алып келеді. Әсіресе, простатит (қуықасты безінің қабынуы) ауруы ұрықтандыруға кері әсерін тигізеді. Өйткені ұрық қуықасты безі арқылы өтеді. Сол кезде қуықасты безі ұрыққа сөл бөліп, оны сыртқы зиянды факторлардан қорғайды. Бұл сөл ұрықтың сапасын жақсартып, жылдамдығын күшейтеді. Негізі әйелдің жатыры өте қышқылды орта, жатырға ұрық түскенде көбіне жойылып кетеді. Ал қуықасты безі бөлінетін сөл ұрықты қорғап, аналық безге жеткізуге ықпал етеді.

Бедеулікке алып келетін аурудың тағы бірі — варикоцеле. Ол аталық безін қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың кеңеюінен болатын ауру. Аталық без бен оның қосалқысында қан тамыры кеңейген кезде ондағы температура жоғарылайды. Ал жоғары температурада ұрық жойылады немесе оның сапасы мен жылдамдығы төмендейді. Өйткені аталық без адамның денесінде емес, бөлек орналасқан. Ал ондағы температура адамның дене температурасынан 2-3 градусқа төмен.

Қазір урогенитал инфекциялар, яғни жыныс жолымен берілетін аурулар өршіп тұр. Хламидия, гонококк, уреплазма, цитоплазма, цитомегаловирус, герпес деген вирустар бар. Ұрықтың өзі адам сияқты қозғалады, ол да бас, дене және құйрықтан тұрады. Соңғы екі вирус ұрыққа енсе, оның құйрығынан басына дейін жетіп, сапасы мен белсенділігін төмендетеді. Қазір бұл вирус еркектердің 92%-ында кездеседі және ол толығымен кетпейді.

Бедеуліктің тағы бір себебі — гипогонадизм дерті. Гипогонадизм гормондардың бұзылуынан болады. Бұл ауру көбіне бала туа сала пайда болады. Сондықтан педиатр дәрігер баланың аталық безінің дамуын қадағалауы керек.

Крипторхизм де — бала кезден пайда болатын аурудың бірі. Ананың құрсағында бала пайда болған кезден бастап оның аталық безі дамиды. Баланың аталық безінің ұмаға түспей қалуын крипторхизм деп атайды. Бұл процесс баланың құрсақтағы алты айлығынан туғаннан кейінгі алты аптаға дейін болуы керек. Егер балаға жүкті кезінде анасы тұмаумен, қызамықпен немесе венерологиялық аурумен ауырса және жүкті әйелдерге қабылдауға болмайтын препараттарды ішкеннен пайда болады. Уақыт созбай бала екі жасқа толғанша операция жасап, қалпына келтіру керек. Әйтпесе, арты бедеулікке ұласуы мүмкін. Бала күнінде ұма-шап жарығы (грыжа), қант диабеті, эпидемиялық  жемсау сияқты аурумен ауырса, ол да әсер етеді.

Еркекте тестостерон, сарыдене гормоны (ЛГ) және фолликул жандандырушы гормон (ФСГ) болады. Осы гормондар мидағы гипоталамус-гипофиз жүйесі арқылы ұрықтың бөлуіне тікелей әсер етеді. Бұл гормондар керекті мөлшерде бөлінбесе, еркектің ұрықтандыру қасиеті төмендейді. Еркектің әйелге деген құмарлығы (либидо) азайса, онда еркекте сперматогенез процесі де бәсеңдейді.

Ұрық сапасы неден нашарлауы мүмкін?

Монша мен саунаға жиі түсетін ерлерде ұрықтың сапасы төмендейді. Өйткені жоғары температурада ұрық өледі. Үнемі химиялық заттармен (бояу, жанармай, тағы басқа) және радиацияның ортасында жұмыс істейтін ер адамдарда бедеулік кездесуі мүмкін. Әсіресе, әскери адамдарда жиі кездеседі. Өйткені олар қару-жарақтың, радицияның ортасында жұмыс істейді. Темекі, алкоголь, есірткіні шектен тыс қолданатындарда да бедеулік кездеседі. Неге десеңіз, никотиннің кез келген түрі ұрықты әлсіретеді.

Сыра еркектік гормонды төмендетіп, бедеулікке алып келеді. Ол еркектік репродукцияға кері әсер етіп, әйелдік гормонды өсіреді. Еркекте әйел гормоны көбейсе, сүт безі өседі және ол салбырап кетеді, белінің майы шыға бастайды. Бұл ағзада әйелдік гормонның көбеюін білдіреді.

Аз қозғалатын, семіз еркектерде бедеулік кездеседі. Ер адам семірген сайын тестостерон төмендейді. Әрбір артық майда ароматаза деген фермент болады. Осы фермент еркектік гормонды (тестостерон) әйелдік гормонға (эстрадиол) ауыстырады.

Ағзада Д витамині төмендесе, тікелей репродукцияға әсер етеді. Ол кезде адамның ұрықтандыру қасиеті төмендеп, әйелге деген құмарлығы болмайды. Д витамині Күн сәулесі арқылы беріледі. Күннің астында көбірек жүріп, қыздырынса, ағзада Д витамині еріп, тек репродукцияға емес, метаболизм, заталмасу процесіне жақсы әсерін береді. Антибиотиктерді, тұмауға, суықтауға, қабынуға қарсы дәрілер де ұрықтың сапасын төмендетеді.

Жыныстық қатынастың жиілігі мәселені шеше ала ма?

Қандай да ем жасамас бұрын ер адамды жан-жақты тексерістен өткіземіз. Спермограммамен еркектік гормондары тексеріледі. Иммунологиялық сынақ жүргізіп, қуықасты және аталық безді ультрадыбыспен зерттелуі керек. Сонымен қатар жыныс жолымен берілетін инфекциялардың бар-жоғын тексереміз.

Көбі жыныстық қатынасқа күнде түссек, бала көтеру мүмкіндігі жоғары деп ойлайды. Шындығында олай емес. Әйелде етеккір кеткен соң арада 12-14 күннен соң овуляция циклі жүреді, осы уақытта аналық жасуша жатыр түтігіне жақындайды. Осы күндері жыныстық қатынасқа түссе, әйелдің бала көтеру мүмкіндігі жоғары болады. Овуляция алты күнге созылады.

Овуляция кезеңін әйелге гинеколог дәрігер анықтап бере алады. Ұрық әр үш күн сайын жаңарып отырады. Сондықтан жиі қатынасқа түсудің қажеті жоқ, керісінше, ол кезде ұрықтың сапасы төмендейді, ұрықтандыру процесі баяулайды.

Кей еркектер қыз туатыны үшін әйелін кінәлап жатады. Бірақ болашақ баланың жынысы еркектің ұрығына байланысты, өйткені әйелде ХХ, еркекте ХY хромосомалары болады. Еркектің ұрығы арқылы аналық безге Y хромосомасы түссе, онда әйел ұл, ал X хромосомасы түссе, қыз бала көтереді.

Профилактика: дәрігердің ерлерге кеңесі

  • Жыныс жүйесі ауруларын емдейтін дәрігерге жылына кем дегенде бір рет қаралып тұру қажет. Жергілікті емхана арқылы тегін қаралуға болады.
  • Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып, таза ауада көбірек серуендеңіз.
  • Тұрақты жыныстық қатынаста болу керек. Адам тұрақты жыныстық қатынасқа түспесе, бұл да ауруға себеп болуы мүмкін. Аптасына кемінде екі рет жыныстық қатынасқа түскен дұрыс. Еркекте 13 жастан бастап ұрық бөлінеді, ол уақытылы сыртқа шығып тұрмаса, қуық астында іркіліс болады. Қуықасты безі қабынып, простатит ауруы пайда болады. Оның соңы бедеулікке ұрындыруы мүмкін.
  • Ішімдік, темекі, есірткі сияқты зиян заттардан аулақ болыңыз. Дәрі-дәрмекті аз пайдаланыңыз. Сұйық тамақты, газсыз, таза суды көбірек ішіңіз.