Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жазда Алакөл мен Балқашқа қосымша рейс ашылады

Фото: Рarstoday.com

Не болды?

Жазда Алакөл мен Балқашқа қатынау жеңілдейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Көлік министрлігінің мәліметінше, ел ішінде қосымша теміржол және әуе рейсі ашылады.

16 маусымнан бастап Қазақстан бойынша 15 қосымша пойыз жүреді. Жаңа маршрут Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қаласын Алакөл, Достық және Балқаш сынды танымал туризм аймағымен байланыстырады. 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағытында да жолаушы пойызы қатынай бастайды.

Министрліктің есебінше, қосымша пойыздар жүретіндіктен, жазда шамамен 550 мың қосымша жолаушыға орын болады.

Жаз айларында пойыз вагоны жолаушы ағынына қарай артып отырады:

  • қарбалас кезде пойызға 19–21 вагонға дейін тіркеледі;
  • басқа уақытта вагон саны 13–15 аралығында болады.

Әуе рейсіне қатысты да өзгеріс бар. Маусымнан тамызға дейін Астана мен Алматыдан Балқаш, Үржар және Үшарал бағытында қосымша рейс ашылады. Министрлік әр бағыт бойынша аптасына жеті рейс ашуды жоспарлап отыр.

Көлік министрлігі бұл бағыттағы әуе билетінің бағасы қалта көтеретін деңгейде сақталатынын мәлімдеді. Билет құны, шамамен 16–20 мың теңге аралығында болады.

Ресми дерекке қарағанда, қазір ел ішінде 60 әуе бағыты істейді. Олардың жалпы жиілігі — аптасына 813 рейс. Мемлекет 24 бағытты, оның ішінде 16 туризм маршрутын субсидиялауды жалғастыра береді. Бұл үшін биыл 6,4 млрд теңге бөлінген.

Контекст

Естеріңізге салайық, енді ішкі әуе рейстеріне биометрия жүйесі енеді.