Менингиттің түрлері мен белгілері

Мамандардың мәліметінше, менингит — ми мен жұлын қабығының қабынуы. Пайда болу себептеріне қарай менингит үш негізгі топқа бөлінеді. Бұл — менингококк менингиті, іріңді және сероза менингиті.

Ауру ауыр түрде өтетіндіктен және науқас жөтелген, түшкірген кезде сыртқы ортаға қоздырғыш тарататындықтан менингококк менингитімен ауыратын науқастар айналасындағылар үшін инфекция қаупін тудырады.

Вирустан пайда болатын сероза менингиті энтеровирустардан және вирустардың басқа да түрінен туындайды. Вирустық сероза менингиті менингококк және іріңді менингиттерге қарағанда жеңіл өтеді. Оларда асқыну сирек болады.

Инфекция көзі — науқас адам және дені сау вирус таратушы. Вирус су, көкөніс, жеміс-жидек, тамақ өнімдері, лас қол арқылы беріледі. Адамдар көп жиналған орындарда ауа-тамшы арқылы да таралуы мүмкін. Ауру көбіне суқоймалардан және жүзу бассейндерінен жұғады.

Іріңді менингит — ми қабығының іріңді қабынуы. Іріңді менингит ағзада «алғашқы септика ошағының» болуы себебінен дамуы мүмкін. Кез келген шоғырланудың инфекциялық ошағынан қоздырғыш таралуы мүмкін, бірақ көбіне мұрын мен құлақтың ұзаққа созылған инфекциялары (жіті және созылмалы іріңді отит, гайморит, фронтит) кезінде болады.

Іріңді менингит қоздырғыштарының енуіне ағзаның иммун жүйесінің әлсіреуі әсер етеді, олар жиі болатын жіті респиратор вирус инфекциялары, гиповитаминоздың, күйзелістің, дене жүктемесінің, климаттың күрт өзгеруінің салдарынан туындауы мүмкін.

Іріңді менингитпен ауыратын науқастар айналасындағыларға қауіп төндірмейді. Себебі науқас аурудың бұл кезеңінде сыртқы ортаға қоздырғыш бөлмейді.

Менингококк инфекциясы менингокок тудыратын жіті инфекциялық ауру және бактериялық менингитке жатады. Ауру ауа-тамшы арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде) таралады.

Менингококк менингиті кенеттен басталады: күтпеген жерден бас қатты ауырып, адам құсады, 6-15 сағаттан кейін бөртпе пайда болады, қызуы 39-40 градусқа көтеріледі, адам қалтырайды, терісі бозарады. Жалпы әлсіздік, арқаның және аяқ-қолдың сырқырауы байқалады. Науқас адам шөлдейді, тәбеті төмендейді. Ауру тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит және басқа да зиянсыз ауруларға ұқсас белгілермен жеңіл түрде өтуі мүмкін. Салқындаудан, ауырудан, қатты шаршаудан ағзаның қорғаныш күштерінің әлсіреуі сияқты жағдайлар кезінде менингококк ми қабығына тез енеді және қабындырады. Менингиттің бұл түрінің қандай да бір клиникалық белгілері жоқ.

Аурудан қалай сақтану қажет?

Ауру суық тию сияқты жеңіл-желпі көрінеді, дегенмен дәрігерге уақытылы жүгіну қажет. Менингитке күдік туған кезде пациент жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл түрде емдеуге жатқызылады.

Менингиттің алдын алу үшін:

  • Адамдар көп жиналатын орындарға, сауда ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеу қажет.
  • Салқындамай, ауа райына қарай киіну керек.
  • Қолды жиі жуу керек. Балаларыңызды тазалыққа, әсіресе тамақ ішу алдында, қоғамдық орыннан келгеннен кейін және жануарларды ұстағаннан кейін қолды жиі жууға үйретіңіз.
  • Денсаулығыңызды күтіңіз. Жақсы демалып, жүйелі түрде спортпен айналысуға және дұрыс тамақтануға көңіл бөле жүріп иммун жүйесін нығайту қажет.
  • Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен профилактикалық мақсатта антибиотиктер ішіп, дәрігердің нұсқауын орындауы керек.
Инфографика
Инфографика: ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті