Жаңажылдық дастархан, ас мәзірі
Иллюстрация: Dribbble.com ©Valentin Kirilov

Жаңа жыл дастарханын қалай көп шығынсыз түрлендіруге болады?

Артур Байтеев
Фото: жеке архивінен

Ас әзірлеуге кіріспестен бұрын тайм-менеджмент құрып, уақытыңызды тиімді қолданудың жолдарын қарастырыңыз. Мәзірді, қажет азық-түлікті алдын ала дайындап алғаныңыз жөн. Мерекеде уақытыңыз болуы үшін бәрін бүге-шүгесіне дейін жоспарлап қойғаныңыз тиімді.

Мейрамда ас мәзірі үй-жайға, қаражатқа, уақытқа да байланысты әркімде әртүрлі болады. Сондықтан талғамыңыз бен жағдайыңызға сай үлгіні анықтап алыңыз. Ол дәстүрлі, заманауи форматта не барбекю болуы мүмкін. Ең бастысы, дастарханның дайындау үлгісін де алдын ала жоспарлаңыз.

Алматыдағы Presso кафесінің бас аспазы Артур Байтеевтің кеңесінше, тағамдарға тек жергілікті, маусымдық, жаңадан алынған азық-түлікті қосқан жөн. Оларда дәрумен көбірек сақталады. Әрине, қазіргі заманда барлық азық-түлік қолжетімді. Грекиядан бір күнде қажет ингредиентті алдыртуға болады. Италиялық асшөптерді де табу қиын емес. Сондықтан әзірлейтін тағамыңыз қарапайым болса да, сапасына баса мән берген жөн. Сапасы төмен экзотикалық азық-түліктен гөрі құнарлы ингредиенттерге бай тағамдар бағалырақ.

Жаңажылдық дастархан қалтаға ауырлық түсірмеуі үшін кішкентай құпияны білсек те, жеткілікті. Бұл іске ойланып кіріссеңіз, қажетсіз азық-түлікті алмайсыз. Көп ингредиенті бар тағамдарды бірнеше рет қарастыру керек. Себебі олар құрамы бойынша ұқсауы мүмкін. Бөлек-бөлек азық-түлік алғанша бір ингредиентті екі тағамда да пайдалансаңыз, тиімдірек болады. Тағамды дәмдірек қылу үшін міндетті түрде біраз ингредиенттің орнына қарапайым әрі жаңа соус қосып та түрлендірсеңіз, өкінбейсіз. Қосымша гарнир жасасаңыз немесе астың безендірілуіне көңіл бөлсеңіз, шығынды азайтуға болады, – дейді Артур Байтеев.

Аспаз ұсынған рецептілер

Жаңа жылда міндетті түрде оливьеден бастап неше түрлі салат жасалады. Оны дайындау үрдісін былайша оңтайландыруға болады: көкөністі турап алып пісірсеңіз және сәбіз бен қызылшаны микротолқынды пеште пісірсеңіз, уақытыңызды үнемдейсіз.

Ал етті пеште қыздырып пісіргенде күйіп кетпеуі үшін оны көкөністің (пияз, балдыркөк) үстіне салыңыз немесе пеш табасына су құйып, еттің бетін қақтамамен не пергаментпен жауып пісірсеңіз болады.

Қыздырып пісірілген көкөніс салаты

Құрамы

Пияз – 500 грамм
Сәбіз – 500 грамм
Картоп – 1 келі
Гүлшетен – 15 грамм
Зәйтүн майы – 50 грамм
Қызыл бұрыш – 10 грамм

Көкөністі бірдей пішінде турап, дәмдеуіш, гүлшетен мен майды қосып, пеш табағына бір қабатта саласыз. Бұл тағам 30-40 минут 220 градуста пеште қыздырып пісірілуі керек.

Асжапырақ пен тауық салаты

Құрамы:

Асжапырақ – 100 грамм
Қуырылған тауық еті – 100 грамм
Қызанақ – 100 грамм
Қызыл пияз – 15 грамм
Кептірілген нан – 20 грамм
Салат қосыпасы – 60 грамм

Салат қоспасы:
Зәйтүн майы – 300 грамм
Бальзамды сіркесу – 100 грамм
Дәнді дижон қышасы – 50 грамм
Тұз – 10 грамм
Қант – 15 грамм
Қара бұрыш – 5 грамм

Осы ингредиенттерге сіркесу қосып, миксермен араластырасыз, үстіне май құясыз. Қоспаны эмульсиялық күйге жеткенше араластыру керек.

Ал егер жаңажылдық дастарханыңызда қой етінен тағамдар болса, оны мынадай жолмен тіл үйірердей дәмді етіп пісіруге болады.

Жаңажылдық дастархан
Фото: sous-chef.ru

Етті сыртқы қабықшасы мен артық майдан тазартып, дәмдеуіш және лимон шырынын қосып, 10-12 сағат маринаттау керек. Пеш табағына етті саларда астына көкөністер қойып, қызыл шарап құясыз. Бетін қақтамамен жауып, 220 градуста пеште қыздырып пісіріп, 30 минут өткен соң температураны 160 градусқа түсіріп, 3-4 сағат пісіру керек.

Қой етіне арналған дәмдеуіш:
Қара бұрыш – 5 грамм
Қант – 20 грамм
Сарымсақ – 20 грамм
Қызыл бұрыш – 20 грамм
Зира – 10 грамм
Ұнтақталған қызыл ащы бұрыш – 15-20 грамм
Тұз – 50 грамм
Барлық ингридиентті блендерде араластырып, тағамға қосасыз.

Жаңа жыл дастарханы кезінде денсаулық пен дене сымбатын қалай сақтау керек?

Бұл сауалға диетолог Анастасия Колпакова жауап берді.

Анастасия Колпакова, диетолог
Фото: жеке архивінен

Маманның айтуынша, күнделікті бірқалыпты тамақтанып, бір кеште шамадан тыс тамақ ішсеңіз, артық салмақ қоспайсыз. Бірақ бұл асқорыту мүшелеріне, әсіресе, түнде ауыр тиеді. Оны болдырмау үшін төмендегі бірнеше ережені ұстансаңыз, денсаулығыңызға зияны азаяды:

  • 31 желтоқсанда тамақтану режимін сақтаңыз. Таңертең, түсте және кешке толыққанды тамақ ішіңіз. Бұл күні мерекелік кешкі ас жоспарланса да, оған дейін уақытында тамақтаныңыз.
  • Балама іздеңіз. Майонезді жақсы көрсеңіз, сол тәрізді тағамды өзіңіз жасап алыңыз. Оливье жасағанда шұжықты суда піскен етпен алмастырыңыз немесе тауық етін қосуыңызға болады.
  • Салатты жаңа піскен көкөністен жасаңыз. Оларда калория аз әрі құрамындағы жасұнық асқорытуға жақсы көмектеседі.
  • Кешкі тамаққа ақуызы неғұрлым көп азық-түлік пен көкөністі жеу керек. Мерекелік дастарханға күркетауық не балықты көкөнісі бар гарнирмен пісіріп қойыңыз.
  • Тәтті тағамдарды 1 қаңтарға қалдырған жөн. Мерекелік кеште жемісті көп жеген абзал. Бірақ ауқатты астан соң бірден жеміс жемеңіз, ол іштің кебуіне алып келуі мүмкін.
  • Уылдырықты қызыл балыққа алмастырыңыз. Себебі оның тұзы мен калориясы көп, сонымен қатар ол көбіне нан және сарымаймен желінеді. Ал бұл дегеніміз – тағы да калория.
  • Алкоголь. Тәтті сусындар мен коктейльдерден бас тартыңыз. Ал алкогольдің ішінде құрғақ шарап – ең жақсы таңдау. Бірақ екі фужерден артық ішпегеніңіз жөн.
  • Тамақ ішерде тәрелкеңіздің төрттен үш бөлігін көкөністермен, қалған төрттен бір бөлігін етпен толтырсаңыз жақсы. Бұл ережені Жаңа жылды қайда тойласаңыз да, ұстаныңыз.
  • Шұжық, сосискадан бас тартыңыз. Бұл азық-түлікті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы канцерогенді тағам деп танығанын ескеру керек. Ол қатерлі ісіктің пайда болу қаупін арттырады.
  • Қанша тырыссаңыз да, артық тамақ ішіп қойсаңыз, келесі күні жеңіл тамақтаныңыз.