Дерматолог Гауһар Мұқашеваның айтуынша, жағымсыз иістің шығуы көбіне адамның өзінен. Маман қолаңсаны болдырмаудың жолдарын айтты.

Жағымсыз иіс неден пайда болады?

Адам терлегенде денедегі бактериялар тітіркенеді. Жағымсыз иіс соның салдарынан шығады. Жағымсыз иістің болуы жеке гигиенаға байланысты екенін еске саламын. Дені сау және таза жүретін адам терлегенде одан иіс шықпауы керек. Таза теріде бактериялар тұрақты өмір сүрмейді. Адамның дұрыс тамақтануы, спортпен шұғылдануы, көп ашуланбай, жақсы ой ойлауы, заталмасу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі тершілдікке, қолаңсаның шығуына жол бермейді. Шектен тыс тершілдікті неврология емдейді. Себебі ол жүйке жүйесімен байланысты: көп ашулану, қобалжу, истерикаға бой алдыру, эмоцияға берілу және тағы басқа. Сондықтан қатты терлейтін адам дәрігерге барып, толық ем алғаны дұрыс, — дейді Гауһар Мұқашева.

Тершілдіктің емі бар ма?

Бұрын тершілдікті операциямен тоқтатуға болатын. Кейін әлемдік медицинада оны ағзаға зиян деп тапты. Қазір мұндай операция жасалмайды. Тек қолтыққа, аяққа және алақанға ботулотоксин препаратын егеді. Бұл дәрі терді сыртқа шығармайды. Денеден тер шықпаған соң бактериялар да тітіркенбейді, иіс те болмайды. Бірақ ботулотоксиннің күші алты айға дейін, — дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, танымал бизнесмендер, іскерлік кездесуге көп баратын адамдар тершілдікті тоқтатудың амалын іздеп, дерматологқа көп жүгінеді, дәрі салдырады. Маман дәріге үйренбей, тершілдіктің себебін анықтап, салдарымен күресу керек екенін айтады.

Денеден тер қатты емес, қалыпты мөлшерде шықса, бәрі дұрыс деген сөз, адам терлеуі керек. Бірақ ол дискомфорт туғызбауы қажет. Егер мүлдем терлемесе, бауыр зақымданады. Гипергидроз (тершілдік) — қандай да бір ауру емес, ол аурудың белгісі, — дейді дерматолог.

Танысыңызға оның жағымсыз иісі барын қалай айтқан дұрыс?

Егер танысыңызға оның жағымсыз иісі барын айтқыңыз келсе, меніңше, тұспалдап, әдеппен жеткізуіңіз керек. Қолтықтан шығатын иіс туралы жазылған мақалалар жіберіп көріңіз. Жарнамада көрсетіліп жатқан түрлі препаратты ұсыныңыз. Жай айтып қоймай, дәрігерге қаралған ең оң шешім болатынын жеткізіңіз, — дейді дерматолог Гауһар Мұқашева.

Психолог кеңесі

Психолог Аида Өтемісованың айтуынша, адамның жағымсыз иісі туралы оған ең жақын жандары айтуы керек. Маман жеке бас гигиенасы туралы әңгімелеспес бұрын дайындалуды ескертеді, бірнеше кеңесін ұсынады.

  • Жағымсыз иіс тақырыбында сөйлеспес бұрын әңгімелесушіге қаншалықты жақын екеніңізді ескеріңіз. Егер жақын адамыңыз мұндай тақырыпты сізден естуге дайын деп ойласаңыз, айтатын кеңесіңіз пайдалы, оның көзқарасын өзгертетіндей болуы керек. Себебі жағымсыз иісі бар адам үшін бұл проблема аса маңызды болмауы мүмкін. Басты нәрсені ескеріңіз — мұндай әңгіме ол адамды кінәлау, кемшілігін бетіне басу сияқты болмауы керек. Тек достық сырласу болсын.
  • Әңгіменің басында жақыныңыздың денсаулығында кінәрат бар-жоғын сұраңыз. Себебі қолтық қолаңсасының шығуы оның жазылмай жүрген сырқатынан болуы мүмкін.
  • Егер жағымсыз иісі бар адам одан өзі хабарсыз болса, не нәрсеге алаңдап жүргенін сұраған жөн, яғни иістің шығу себебін анықтап алған дұрыс.
  • Жағымсыз иісі бар адамға оны айтып қоя салған ыңғайсыз болады. Ол адамға ұсынысыңызды айтыңыз, кеңес беріңіз. Себебі әңгімелесуші «Иә, білемін. Бірақ не істеуге болады?» деп сізден көмек сұрауы мүмкін. Сондай кезде «Бұл — сенің проблемаң» деп, әңгімеден қашу жақын адамның тірлігі емес. Сондықтан бар нәрсені айтып, бірақ шешімін табудан қашпаңыз, дұрыс кеңес айтуға дайын болыңыз. Сонда ғана бұл нағыз достардың әңгімесі болады. Әйтпесе, ол адамды кінәлайтындар онсыз да көп болуы мүмкін.
  • Жағымсыз иісінің барын адамға бірден айта салу қандай жағдайда да дұрыс емес. Бұл жеке гигиенаға қатысты тақырып, сондықтан абай болыңыз.
  • Адамның иісі, оның ішінде қолтық қолаңсасы туралы әңгіме барлық адаммен айтыла бермейді. Жеке гигиенаны әркімге анасы, отбасы, ең жақын адамы кішкентай күнінен үйретуі керек.