Басты бетМәдениетНұрсұлтан Назарбаевтың...

Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы Париждегі форумда талқыланады

Халықаралық жиынға АҚШ, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Нидерланды және Мажарстаннан 70-ке жуық ғалым мен ЮНЕСКО өкілдері қатысады.

Түркі академиясы

Түркі академиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы талқыланып, Ұлы дала тарихын жаңадан пайымдау жолдары қаралмақ.

Форумға қатысушы ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері «Ұлы дала»: кеңістік пен уақыт көкжиектері», «Түркі өркениеті және оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі» және «Түркі тарихын қайта бағамдау: жаңа әдістер мен жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын үш сессияда ғылыми талқылаулар өткізіп, пікір алмасады.

Биылғы жиын түркітілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының 950, ақын Имадеддин Насимидің 650 жылдығы секілді айтулы тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр.