Не болды?
Алматыда биылғы оқу жылына арналған бірінші класқа қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Қала мектептеріне биыл шамамен 31 мың оқушыны қабылдау жоспарланған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаевтың айтуынша, қаладағы 214 мемлекеттік мектепте бірінші класқа құжат қабылдау 10 маусымда басталған және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүріп жатыр.
Ата-аналар өтінішті электрондық форматта Egov.kz порталы арқылы немесе мектепке барып қағаз жүзінде тапсыра алады. Бірінші сыныпқа қабылдау ешқандай емтихансыз, ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші негізінде жүзеге асады.
Қабылдау кезінде ең алдымен мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балаларға басымдық берілген.
Сәкен Аралбаевтың айтуынша, тұрғылықты мекенжай мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде тексеріледі. Бұл ретте баланың тіркеуде болуы міндетті емес, заңды өкілдерінің бірінің сол мекенжай бойынша тіркелуі жеткілікті.
Білім басқармасының мәліметінше, былтыр оқу жылында бірінші класқа қабылдау барысында 38 мыңнан астам өтініш түсіп, нәтижесінде 29 561 оқушы мектеп табалдырығын аттаған. Сонымен қатар қазақ тілінде білім алатын класқа сұраныс артып келе жатыр.
Бірінші класқа қабылдау өтініштің кезегі мен мектептегі бос орын санына қарай жүреді.
Контекст
Естеріңізге салайық, биыл оқушылар 1-класқа жаңа платформа арқылы қабылданады. Жаңа жүйе ата-анаға өтініш жолдап, мектеп таңдап және қызметтің мәртебесін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
