29 сәуір Marvel киноәлемінің 22-фильмінің премьерасы болды. Энтони және Джо Руссолардың «Кек алушылар: Финал» картинасы — суперқаһармандар туралы «Кек алушылар» (2012), «Кек алушылар: Альтрон эрасы» (2015) және «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» (2018) фильмдер циклының қорытындысы. Қазақстанда комикс экранизациясы премьерасы болмай жатып рекордсмен атанды: 25-28 сәуір аралығында билеттердің алдын ала сатылымының өзінен 87,5 миллион теңге түсті.
«Кек алушылар» әлем бойынша табысқа кенеліп жатыр. Ресейде Автоматтандырылған бірыңғай ақпарат жүйесінің мәліметінше, фильм премьерасы болған күні-ақ 430,5 миллион рубль түсірді. АҚШ-та 26-28 сәуір күндері касса табысы 357,1 миллион доллар болды. Әлем бойынша картина прокатының бірінші уикендінде 1,209 миллиард доллар табыс тапты. Marvel өнімдерінен бұған дейінгі рекорд «Кек алушылар: Шексіздік соғысына» тиесілі еді, ол алғашқы уикендінде 640 миллион доллар түсірген еді.
Қазақстандағы бокс-офис бойынша табысты фильмдер үштігіне Джеймс Кенттің «Зардап» әскери драмасы мен суперқаһармандар туралы тағы бір фильм, DC Comics өнімі — Дэвид Ф.Сандбергтің «Шазам!» картинасы да еніп отыр. Алғашқысы бір демалыста 8,6 миллион теңге, «Шазам!» 8,4 миллион теңге тапты.
Қазақстан кинотеатрларында 25-28 сәуір аралығында мол табыс түсірген премьералар:
Премьералар | Бір демалыстағы касса жинағы | Прокаттағы апта саны |
«Кек алушылар: Финал» | 87,5 миллион теңге | 1 |
«Зардап» («Последствия») | 8,6 миллион теңге | 4 |
«Шазам!» | 8,4 миллион теңге | 1 |
«Профессор мен есалаң» («Игры разумов») | 8,3 миллион теңге | 1 |
«Балуан Шолақ» | 7,5 миллион теңге | 2 |
«Небәрі 100 ғана зат» («100 вещей и ничего лишнего») | 7,1 миллион теңге | 3 |
«Дамбо» | 6,9 миллион теңге | 5 |
«Ащы, тәтті, қышқыл» («Вкус любви») | 6,5 миллион теңге | 3 |
«Үй иесі» («Домовой») | 6,4 миллион теңге | 3 |
«Хеллбой» | 6,3 миллион теңге | 3 |
«Үлкен саяхат» | 6,1 миллион теңге | 1 |
«Шпион» («Пушистый шпион» | 5,9 миллион теңге | 2 |
2019 жылдың сәуір айында Қазақстан киномандары сеанс билеттеріне орташа есеппен 1213 теңге жұмсаған. Бұл былтырғы сәуірдегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Қымбат билеттер Атырауда (1900 теңге, былтырғыдан 15,2%-ға қымбат) және Нұр-Сұлтанда (1506 теңге, былтырғыдан 1,8%-ға аз).
Еnergyprom.kz еліміздегі киноөндіріс туралы статистиканы да жария етті.
Былтыр Қазақстанда кино, бейнефильмдер, телебағдарламалар, фонограммалар мен музыкалық жазбалар өндіру бойынша қызмет көрсету көлемі 62 миллиард теңге болды. Бұл 2017 жылға қарағанда 23,3%-ға көп.
Қазақстан киноөндірісінің локомотиві — Алматы. Киноөндіріс қызметінің көлемі Алматыда 30,4%-ға артып, 43,1 миллиард теңге болды. Нұр-Сұлтанда мұндай қызмет көлемі 12,9 миллиард теңге болды, көрсеткіш бір жылда 5,8%-ға көбейген.
(Фото: Аkspic.ru)