29 сәуір Marvel киноәлемінің 22-фильмінің премьерасы болды. Энтони және Джо Руссолардың «Кек алушылар: Финал» картинасы — суперқаһармандар туралы «Кек алушылар» (2012), «Кек алушылар: Альтрон эрасы» (2015) және «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» (2018) фильмдер циклының қорытындысы. Қазақстанда комикс экранизациясы премьерасы болмай жатып рекордсмен атанды: 25-28 сәуір аралығында билеттердің алдын ала сатылымының өзінен 87,5 миллион теңге түсті.

«Кек алушылар» әлем бойынша табысқа кенеліп жатыр. Ресейде Автоматтандырылған бірыңғай ақпарат жүйесінің мәліметінше, фильм премьерасы болған күні-ақ 430,5 миллион рубль түсірді. АҚШ-та 26-28 сәуір күндері касса табысы 357,1 миллион доллар болды. Әлем бойынша картина прокатының бірінші уикендінде 1,209 миллиард доллар табыс тапты. Marvel өнімдерінен бұған дейінгі рекорд «Кек алушылар: Шексіздік соғысына» тиесілі еді, ол алғашқы уикендінде 640 миллион доллар түсірген еді.

Қазақстандағы бокс-офис бойынша табысты фильмдер үштігіне Джеймс Кенттің «Зардап» әскери драмасы мен суперқаһармандар туралы тағы бір фильм, DC Comics өнімі — Дэвид Ф.Сандбергтің «Шазам!» картинасы да еніп отыр. Алғашқысы бір демалыста 8,6 миллион теңге, «Шазам!» 8,4 миллион теңге тапты.

Қазақстан кинотеатрларында 25-28 сәуір аралығында мол табыс түсірген премьералар:

Премьералар Бір демалыстағы касса жинағы Прокаттағы апта саны
«Кек алушылар: Финал» 87,5 миллион теңге                     1
«Зардап» («Последствия») 8,6 миллион теңге                     4
«Шазам!» 8,4 миллион теңге                     1
«Профессор мен есалаң» («Игры разумов») 8,3 миллион теңге                     1
«Балуан Шолақ» 7,5 миллион теңге                     2
«Небәрі 100 ғана зат» («100 вещей и ничего лишнего») 7,1 миллион теңге                    3
«Дамбо» 6,9 миллион теңге                    5
«Ащы, тәтті, қышқыл» («Вкус любви») 6,5 миллион теңге                    3
«Үй иесі» («Домовой») 6,4 миллион теңге                    3
«Хеллбой» 6,3 миллион теңге                    3
«Үлкен саяхат» 6,1 миллион теңге                    1
«Шпион» («Пушистый шпион» 5,9 миллион теңге                    2

 

2019 жылдың сәуір айында Қазақстан киномандары сеанс билеттеріне орташа есеппен 1213 теңге жұмсаған. Бұл былтырғы сәуірдегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Қымбат билеттер Атырауда (1900 теңге, былтырғыдан 15,2%-ға қымбат) және Нұр-Сұлтанда (1506 теңге, былтырғыдан 1,8%-ға аз).

Еnergyprom.kz еліміздегі киноөндіріс туралы статистиканы да жария етті.

Былтыр Қазақстанда кино, бейнефильмдер, телебағдарламалар, фонограммалар мен музыкалық жазбалар өндіру бойынша қызмет көрсету көлемі 62 миллиард теңге болды. Бұл 2017 жылға қарағанда 23,3%-ға көп.

Қазақстан киноөндірісінің локомотиві — Алматы. Киноөндіріс қызметінің көлемі Алматыда 30,4%-ға артып, 43,1 миллиард теңге болды. Нұр-Сұлтанда мұндай қызмет көлемі 12,9 миллиард теңге болды, көрсеткіш бір жылда 5,8%-ға көбейген.

(Фото: Аkspic.ru)