Не болды?
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория президенті Яков Милатовичтің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық келісімді нығайту, инвестиция тарту, кәсіпкерлер арасындағы байланысты дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мемлекет басшысы Қазақстанның Черногориямен өзара тиімді серіктестікті жандандыруға мүдделі екенін айтты. Президенттің айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыс екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына негіз болып отыр.
Келіссөз барысында іскерлік байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерінің кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум экономика жағдайын реттеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Қазақстан нарығына кіргісі келетін Черногория компаниялаын қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – дейді президент.
Яков Милатович те экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызын айтты. Оның пікірінше, сауда палаталары арасындағы меморандум жаңа іскерлік байланыс орнатуға және екіжақты сауда айналымын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, – дейді Черногория президенті.
Қос тарап сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырды. Сонымен қатар туризм, жоғары білім мен ғылым бағытындағы әріптестікті дамыту мәселесі де сөз болды. Келіссөз қорытындысында мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Контекст