Ұшар алдында көп жолаушыны мазалайтын сұрақтар бар. Мәселен, пауэрбанк алып жүруге бола ма, салонға қандай мөлшерде сұйық алып кіруге рұқсат, туыстарға қазы апаруға бола ма немесе музыка аспабын қалай тасымалдайды?
Baribar.kz сапарыңыз жайлы болып, әуежайда артық шығын төлемес үшін FlyArystan рейсінде қолжүк тасымалдаудың негізгі ережелеріне тоқталды.
Ұшаққа алып кіруге болатын қолжүк салмағы қандай?
FlyArystan лоукостер бизнес-моделі бойынша жұмыс істейді, сондықтан жолаушы сапар барысында өзіне қажет қызметтерге ғана ақы төлейді.
Әрбір жолаушы бортқа көлемі 56×23×36 сантиметрден аспайтын және салмағы жеті килограмға дейін бір дана қолжүгін тегін алып өте алады. Барлық зат бір сөмкеге немесе шабаданға сыйып тұруға тиіс. Егер қосымша сөмке, ноутбук қабы немесе кәдесый алуды жоспарласаңыз, олардың белгіленген қолжүгі нормасына сәйкес келуін тексеріп алған жөн.
Қолжүгі мен жолжүктің салмағы мен өлшемін тексеру әуекомпаниясының талабын сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, барлық жолаушының затын ыңғайлы орналастыру үшін қажет. FlyArystan бортында зат тасымалдау ережесімен әуекомпаниясының сайтында толығырақ танысуға болады.
Ұшақ бортына қандай заттарды алып кіруге тыйым салынады?
Ұшақта заттарды алып жүру тәртібі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2023 жылғы 27 шілдедегі №548 бұйрығымен бекітілген. Зат тасымалдау тәртібі «Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен нәрселердің, сонымен қатар есірткінің барлық түрінің тізбесін бекіту туралы» құжатымен реттеледі. Құжаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.
Сонымен қатар әуекомпаниясы бейтаныс адамнан сәлемдеме, сөмке немесе басқа да заттарды алмауға кеңес береді.
Жолаушыны, қолжүгін және жолжүкті әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексереді. Ұшаққа алып кіруге болмайтын заттарға қатысты шешімді әуежайдың қауіпсіздік қызметі қабылдайды. Олар затты алып өтуге рұқсат беруі немесе тәркілеуі мүмкін. Ал әуекомпаниясы бұл тексеріске қатыспайды және заттарды алып қою туралы шешім шығармайды.
Кей әуежайда авиация қауіпсіздігі бойынша қосымша талап болуы мүмкін. Сондықтан сапар алдында ұшып шығатын әуежайдың ережесімен танысқан абазл.
Қандай мөлшерде сұйықтық алып жүруге болады?
Ең көп таралған шектеудің бірі сұйықтыққа қатысты. Қолжүгінде әрқайсының көлемі 100 мл-ден аспайтын ыдыстағы сұйықтықты тасымалдауға рұқсат бар. Барлық сұйықтықтың жалпы көлемі бір жолаушыға шаққанда бір литрден аспауға тиіс.
Мұнда сұйықтықтың нақты мөлшері емес, қаптаманың көлемі маңызды. Мысалы, көлемі 200 мл бөтелке жартылай толған болса да, оны ұшақ салонына алып кіруге болмайды.
Егер сұйықтық көлемі белгіленген нормадан асып кетсе, оны тіркелген жолжүкке тапсыру қажет. Жолжүк үшін мұндай шектеу жоқ. Су, сусындар және басқа да сұйықтықты басқа заттарға зақым келтірмейтіндей және ағып кетпейтіндей, сенімді әрі герметикалық қаптамада тасымалдауға болады.
Ноутбук, телефон және пауэрбанк алып жүруге бола ма?
Мобайл құрылғыларды қолжүгінде тасымалдауға рұқсат бар. Алайда литий аккумуляторына қатысты талап басқаша. Пауэрбанкті, қосалқы аккумуляторларды және электронды темекіні тіркелген жолжүкке тапсыруға болмайды. Олар тек ұшақ салонында тасымалдануға тиіс. Кей жағдайда ноутбук, планшет және басқа да ірі электронды құрылғы әуежайдың авиация қауіпсіздігі қызметінің талабына сәйкес қосымша тексерістен өтуі мүмкін.
Қуаты 100 Вт/сағ дейінгі портативті аккумуляторды қосымша келісімсіз тасымалдауға болады. Қуаты 100-ден 160 Вт/сағ аралығындағы құрылғыны тек әуекомпаниясының рұқсатымен тасымалдауға болады, ал 160 Вт/сағ-тан жоғары аккумуляторды тасымалдауға рұқсат жоқ.
- Бір жолаушыға екі портативті аккумулятордан артық алып жүруге рұқсат етілмейді.
Қосалқы батареяларды зауыттан шыққан қаптамасында сақтау немесе олардың түйіспе тұсын жауып қою қажет. Бұл қысқа тұйықталудың алдын алады. Сонымен қатар ұшу кезінде телефон не басқа құрылғыларды пауэрбанктен қуаттауға болмайды.
Азық-түлікті тасымалдау кезінде нені білу қажет?
Қазақстан азаматтары шетелдегі туыстарына қазы, ет, құрт және басқа да ұлттық тағамдарды жиі алып баруға тырысады. Ет, балық, сүт және ашытылған сүт өнімін тек тіркелген жолжүкте тасымалдауға болады. Бұл ретте өнімдер сенімді әрі герметикалық түрде қапталуға тиіс. Халықаралық рейсте ет өнімін тасымалдау үшін ветеринариялық сертификат талап етілуі мүмкін.
Құртқа келетін болсақ, ол зауыттық қаптамада болса және салмақ пен өлшем бойынша белгіленген талапқа сай келген жағдайда жолжүкте де, қолжүгінде де тасымалдана алады.
Сонымен бірге азық-түлік тасымалдау тәртібі баратын елдің заңнамасымен реттелетінін есте ұстаған жөн. Сондықтан сапар алдында кеден талабымен танысып алған дұрыс.
Музыка аспабын қалай тасымалдауға болады?
Шағын музыка аспабын ұшақ салонына алып кіруге болады. Егер аспаптың салмағы жеті килограмға дейін, өлшемі 56×23×36 сантиметрден аспаса, ол негізгі қолжүгі ретінде тасымалданады. Сонымен қатар аспапты қосымша ақы төлеп тағы бір қолжүгі ретінде рәсімдеуге болады. Бұл жағдайда негізгі қолжүгін де өзіңізбен бірге алып жүруге болады. Мұндай жағдайда салмағы 10 килограмға дейінгі және өлшемі 110×30×30 сантимерден аспайтын аспапты тасымалдауға рұқсат.
Ірі музыка аспабы үшін арнайы тасымалдау қызметі қарастырылған. Қажет жағдайда жолаушы музыка аспабы үшін ұшақ бортынан жеке орын рәсімдей алады. Басты талап – аспап қорғаныш қаптамада болып, сенімді түрде оралуға тиіс. Музыка аспаптарын тасымалдау ережесі әуекомпаниясының сайтында жазылған.
Велосипедті немесе спорт жабдықтарын қалай тасымалдауға болады?
FlyArystan велосипедті, шаңғыны, сноубордты, хоккей жабдығын, гольф құралдарын, серфиң тақтасын және басқа да спорт жабдығын тасымалдау қызметін ұсынады. Мұндай заттар қосымша ақы төленетін стандарт емес жолжүк ретінде рәсімделеді.
Бұл ретте қаптамаға ерекше назар аудару қажет. Мысалы, велосипедті тасымалдау кезінде педалін шешіп, дөңгелегінің ауасын шығару керек. Егер спорт жабдығы тиіс талапқа сай қапталмаған болса, әуекомпаниясы оны тасымалдаудан бас тартуға құқылы.
Қандай заттарды жолжүкке тапсырмаған дұрыс?
Ақша, құжат, зергерлік бұйымдар, ноутбук, телефон, фотоаппарат, дәрі-дәрмек және басқа да құнды заттарды тек қолжүгінде тасымалдаған жөн.
Бұл олардың тасымалдау кезінде бүліну немесе жоғалу қаупін азайтады. Шабаданды қосымша қаптамамен орау да жолжүкті механикалық зақымданудан және тасымалдау барысында кездейсоқ ашылып кетуден қорғайды.
Саяхатшының басты қағидасы
Әуежайдағы қиындықтың көп бөлігі ережені бұзудан емес, оларды білмеуден туындайды.
Сондықтан сапар алдында қолжүгі мен жолжүкке қойылатын талапты тексеріп, баратын елдегі шектеулермен танысып, қажет болған жағдайда қосымша қызметті әуежайға келмес бұрын рәсімдеген жөн. Бұл артық шығыннан сақтап, сапарыңызды барынша жайлы етуге мүмкіндік береді.
***
Тағы оқыңыз:
Кәмелетке толмаған жолаушылардың жеке ұшуы: FlyArystan рейстеріндегі ережелер
