Еліміздегі халқының саны ең аз қала қандай? Ал халқының саны ең көп ауыл ше? Baribar.kz ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ауылдар, аудандар мен қалаларға қатысты қызық мәліметін жинастырды. 

Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы барлық облыс арасындағы аудандар саны ең көбі Ақмола облысы екен. Бұл облыста 17 аудан бар. Басқа өңірлердің ішкі әкімшілік-аумақтық бөліністері аз.

Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл – Маңғыстау облысындағы Бейнеу. 2018 жылдың 1 сәуірінде бұл ауылдағы халық саны 52 019 адам болды.

Статистиктердің мәліметінше, Қазақстанда үш Абай, үш Есіл, үш Жамбыл, екі Алматы және екі Ақтоғай ауданы бар.

2018 жылдың басында халқының ішінде қазақтардың үлесі ең көп аудан Қызылорда облысындағы Арал ауданы болды. Ауданда қазақтардың үлесі – 99,9%. Ал қазақтардың үлесі ең аз аудан Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха (15,18%), қалалар арасында қазағы аз елді мекен – Риддер (14,85%). Қазақстандағы орыстарының үлесі ең көп аудан да – Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха (78,95%), ал қалалардан Риддер (81,60%).

Қала мәртебесі бар елді мекендерінің саны ең көп өңір Қарағанды облысы екен. Облыстың аумағында 21 қала бар.

Республикамыздағы халқының саны ең аз қала – Ақтөбе облысындағы Жем. 2018 жылдың 1 сәуірінде қала халқының саны 1790 адам болды.

Статистика комитеті мамандарының мәліметінше, Ақмола облысындағы Егіндікөл – Қазақстандағы халық саны ең аз аудан. 2018 жылдың 1 сәуірінде аудан халқының саны 6 133 адам болды.