Қазақстанда МӘМС жүйесіне сақтандырылған азаматтар көптеген медициналық тексеруді ақысыз өте алады. Алайда қандай қызмет тегін көрсетілетінін және оларды алу үшін не қажет екенін көпшілік біле бермейді. Baribar.kz МӘМС аясында тегін өтуге болатын тексерулер тізімін жасап шықты.
Қандай тексерулер тегін?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, МӘМС аясындағы тексерулер дәрігердің көрсетілімі мен жолдамасы болғанда ғана жүргізіледі. Қызмет көлемі науқастың диагнозы және медициналық қажетіне қарай анықталады.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар мынадай диагностика қызметтерін тегін ала алады:
- жалпы қан және зәр талдауы;
- биохимиялық зертхана талдаулары;
- гормон және басқа да арнайы зертхана зерттеулері (көрсетілім бойынша);
- электрокардиография (ЭКГ);
- ультрадыбыс зерттеулері (УДЗ);
- рентгенология зерттеулері;
- компьютер томографиясы (КТ);
- магниттік-резонанстық томография (МРТ);
- эндоскопия зерттеулері (гастроскопия, колоноскопия және басқалары);
- функционалдық диагностика түрлері;
- жас категориясына қарай түрлі скриниңдер.
Бұл қызметтердің басым бөлігі учаскелік дәрігер немесе бейінді маман берген жолдама негізінде көрсетіледі.
Бейінді мамандарға қалай жазылуға болады?
Емдеуші дәрігер қажет деп тапса, пациент кардиолог, эндокринолог, невропатолог, офтальмолог, хирург және басқа да бейінді мамандардың қабылдауына тегін жолдама ала алады. Қажет болса, дәрігер қосымша зертханалық немесе аспаптық тексерулерге де жолдама береді.
Емханада қажет маман немесе аппарат болмаса, не істеу керек?
Тіркелген емханада қажет бейінді дәрігер болмаса немесе УДЗ, рентген, КТ сияқты зерттеулер жүргізетін жабдық жетіспесе, пациентті басқа медицина ұйымына, соның ішінде жеке емханаға жіберуге болады. Бұл жағдайда пациент ешқандай қосымша ақы төлемейді. Бастысы, жолдама Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін медициналық ұйымға берілуге тиіс.
Тексеруден өту үшін не істеу керек?
Мамандар алдымен өзіңіз тіркелген емханадағы учаске дәрігеріне қаралуға кеңес береді.
Дәрігер шағым мен медицина көрсетіліміне қарай тексеру бекітіп, қажет болса, бейінді маманға немесе қосымша диагностикаға жолдама береді.
Ескерту: МӘМС аясындағы барлық зерттеу автоматты түрде жүргізілмейді. КТ, МРТ, эндоскопия және басқа да қымбат диагностикалық қызметтер медициналық көрсетілім болса және дәрігердің жолдамасымен ғана тегін көрсетіледі.
