Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) Астанада өткен кезектен тыс XXV съезінде 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасын бекітіп, партиялық тізімге енген 72 кандидатты таныстырды. Съезде Саяси кеңестің жаңа құрамы сайланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов делегаттар алдында сөйлеген сөзінде жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі кезең Қазақстан үшін маңызды бетбұрыс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, партия әділ саясат қағидатынан айнымайды және елдің табиғи байлығы ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге тиіс.
«Бүгін Қазақстан Халық партиясы үшін тарихи күн. Біз партияның стратегиялық бағдарламасын бекітеміз. Осы бағытта еңбек ететін мықты кандидаттарды ұсынамыз», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Партия жетекшісі әлеуметтік саясат ҚХП қызметінің негізгі бағыты болып қала беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл ұстаным су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, аналарды қолдау, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жәрдем беру және еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар арқылы көрініс тауып келеді.
Бағдарламаға сарапшылар қолдау білдірді
Съезде ұсынылған сайлауалды бағдарлама делегаттар мен сарапшылардың қолдауына ие болды.
Білім беру саласының маманы Лейлә Күленова құжатта мектепке дейінгі және мектептегі білім беру мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов бағдарламаның негізінде адам капиталы мен еңбек адамын қорғау мәселелері жатқанын айтты.
Бағдарламаны қолдап Қалел Мақсұтов та пікір білдірді.

Партиялық тізімге 72 кандидат енді
Партиялық тізімге заңгерлер, экономистер, дәрігерлер, педагогтер және қоғамдық қызметпен айналысатын түрлі сала өкілдері енгізілді.
Съезд барысында қоғам қайраткері Ирина Смирнова мен медиа тұлға Аша Матай партия командасына қолдау білдірді.
Саяси кеңестің жаңа құрамы сайланды
Съезд қорытындысы бойынша Қазақстан Халық партиясының Саяси кеңесі толық жаңартылды.
Жаңа құрамның стратегиялық міндеттері туралы Эльмира Әуезова, Ләззат Сүлейменова және Балжан Досмұхамбетова баяндама жасады.
Нұрсұлтан Шоқанов өз сөзінде партияның қалыптасуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаевқа алғыс білдіріп, оның саяси мектеп қалыптастырудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Съезд соңында Венера Нигматуллина мен Тамара Асар бағдарламалық үндеу жасап, партия басшылығы делегаттарды сайлауалды науқан барысында азаматтармен белсенді жұмыс істеуге шақырды.
