Жақында 70 жасында блог жүргізе бастаған Ақтаудағы әженің парақшасы көпшіліктің назарына ілікті. Бірі сүйсіне пікір жазса, енді бірі батыл қадамын қолдап жатыр. Блогер әже – 70 жастағы зейнеткер Ізбибі Ізден. Baribar.kz тілшісі желіде танылып келе жатқан әжемен әңгімелесіп, блог жүргізуге не себеп болғанын, жаңа өмірге қалай қадам басқанын сұрады.
«Неге зейнетақыға ғана сеніп отыруым керек?..»
Ізбибі Ізден 1956 жылы дүниеге келген. Жолдасымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір кенже ұлы мен келіні, төрт немересімен бірге тұрады. 58 жасында зейнетке шыққаннан кейін бар уақытын үй шаруасы мен немерелеріне арнаған.

Әжейдің айтуынша, блог жүргізу туралы ой көптен бері көкейде жүріпті. Алайда оны қалай бастарын білмей жүргенде қызы қолдап, өзге блогердің тәлімгерлік курсына жазған.
Әлеужеліге көп көңіл бөлемін. Instagram, TikTok, Facebook-тен өзіме қажет дүниені қараймын, еліміздің саяси жаңалығын да бақылап отырамын. Блогерлердің жұмысын көріп, «маған да бастап көру керек» деген ой келді. Бұл да — табыс көзі. Неге зейнетақыма ғана сеніп отыра беруім керек? Балаларыма қосымша табыс әкелуге неге талпынбасқа деп ойладым. Осы ойым блог жүргізуге себеп болды, – дейді блогер әже.
Қазір Ізбибі Ізденнің парақшасында алты мыңнан аса оқырманы бар. Блогер әже постты жиі шығарып, ерекше контент түсіруге тырысады. Парақшасынан UGC роликтер, влог форматындағы бейнежазбалар көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Жаңа жасым жаңа мүмкіндік сыйлады…»
Ізбибі әженің әлеужеліні меңгеруіне үлкен келіні көмектескен. Оның айтуынша, алғашында тек жақындары бөліскен сурет, жазбаларды қарап жүрсе, кейін телефонның мүмкіндігін біртіндеп біле бастаған. Қазір де немерелерінің көмегімен жаңа дүниелерді үйреніп жүр.
Блогерлікке жол ашқан алғашқы бейнежазбасы да ерекше сәтпен байланысты. Биыл көктемде Алматыға пойызбен жолға шығып, 22 сәуір күні 70 жас туған күнін пойызда қарсы алған.
11 мамырда ауылға қайтып келдім. Жолдасым, балам және немерем гүл алып қарсы алды. 70 жасымды ауылда тойлай алмай қалсам да, сол сәт ерекше есте қалды. Алғашқы бейнежазбамыз да — осы болды. Нәтижесінде жаңа жасым жаңа мүмкіндік сыйлады, – дейді Ізбибі әже.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ізбибі әже блог бастағанын жақындарына алдын ала айтпаған.
Жақындарыма ештеңе айтпадым. Тосынсый жасағым келді. Кейін бәрі парақшамнан көріп, құттықтап жатты. Тек туыстарым емес, достарым, сыныптастарым да жылы лебіз білдірді, – дейді блогер әже.

Блогер әже алда блогын жан-жақты дамытуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, күнделікті өмірі, отбасы, қазақша тағамдар мен тұрмыс-тіршілігі туралы контент түсіргісі келеді.
Мақсатым – блогымды толық меңгеру. Түрлі қызық, жағымды контент түсіріп, отбасымыздың тұрмыс-тіршілігін, дайындайтын ас-тағамдарымызды оқырманыма көрсетсем деймін, – дейді ол.
Контенттің басым бөлігін өзі жоспарлағанымен, қызы мен немерелері де түрлі идея ұсынып отырады.
Қазір әжейдің ең көп қаралған бейнежазбасы – «70 жастағы блогер әженің таңғы бір күні» деген рилс.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір әженің күнделікті өмірі қандай?
Блогер әженің айтуынша, блог жүргізе бастағалы өмірінде көп өзгеріс болған. Бұрын уақытын көбіне үй мен немерелеріне арнаса, қазір түрлі ұсыныс алып, жаңа адамдармен танысып жүр.
Мені әлеужеліден қарайтын, оқитын барлық жанға рақмет айтқым келеді. Осы уақытқа дейін бірде-бір жағымсыз пікір оқымадым, тек ісіме табыс тілеп жатады. Ұнамсыз ой жазылған күннің өзінде мән бермеймін. Әр адам әртүрлі ғой, — дейді әже.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ізбибі Ізден жасын жаңа іске кедергі көрмейді. Алғашында камера алдында өзін ыңғайсыз сезінгенмен, кейін үйреніп кетіпті.
Басында аздап жүрексіндім. Алайда уақыт өте келе үйрендім. Қазір видео түсіріп, жаңа ортаға бейімделіп келемін. Өз ісіңді бастау ешқашан кеш емес екен, – дейді кейіпкеріміз.
Көшеде танып, бірге суретке түсуді сұрайтындар да көбейген. Әжейдің айтуынша, алғашында ыңғайсызданған. Қазір «иә, менмін» деп күліп жауап беріп, суретке түсе береді.

Немереден үйренері көп
Ізбибі Ізден жастардан үйренетін дүние көп екенін айтып отыр. Өзі кеңес дәуірінде өскендіктен, бүгінгі технологияны немерелерінің көмегімен меңгеріп жүргенін жасырмайды.
Қазір жастар заман ағымына ілесіп келеді. Немерелерімнен де көп нәрсе үйреніп жүрмін. Ал мен оларға өзімнің білгенімді, қазақы тәрбие мен салт-дәстүрді үйреткім келеді, – дейді ол.

70 жасында жаңа бағытты игерген әжейдің айтуынша, әлеуметтік желі оған бұрын байқамаған мүмкіндіктерді ашқан. Сондықтан адамның жасы ешқашан жаңа нәрсе үйренуге кедергі емес деп біледі.
Білмейтін дүнием көп екен. Соның бәрін меңгеріп, үйреніп жатырмын, – деп сөзін түйіндеді Ізбибі Ізден.
***
Тағы оқыңыз:
