Қарағанды облысында Үкімет тобы еңбек дауын болдырмау мәселесін талқылады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ Қарағанды облысында болды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, вице-премьер республикалық үшжақты комиссия отырысын өткізді. Оған комиссия мүшелері, қала және аудан әкімдері, «Атамекен» ҰКП, ірі компаниялардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Отырыста әлеуметтік-еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, «Бірлестіктердің бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау туралы» №87 Конвенцияны қолдану жөніндегі халықаралық еңбек ұйымдарының ұсыныстары бойынша жол картасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік әріптестіктің әрекет етуші моделі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті тең дәрежеде бөлуге негізделгеніне ерекше назар аударды. Әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі — әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу. Сондықтан әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушысы өндірістік жарақат алу, жалақының уақытылы төленбеуі, аумақтарда әлеуметтік ушығуы сияқты мәселелерді ерекше бақылауға алуы қажет.

Кәсіби сын-тегеуріндерді басқарудың қазіргі кездегі жүйесін енгізу мақсатында 1 сәуірден бастап 2231 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 184,9 мың жұмыс беруші төмен жалақы алатын 963 мың жұмыскердің еңбекақысын өсірді. Соның нәтижесінде олардың жалақысы 33%-ға көтерілді (43 мыңнан 57,5 мың теңгеге дейін). Еліміз бойынша барлығы 98,7 мың ұжымдық келісімшарт жасалған, оның 95,1%-ы — ірі және орта кәсіпорындардағы ұжымдық келісімшарт.

Үкімет жанынан құрылған әлеуметтік саясатты түсіндіруші жұмыс тобы Абайдағы мәдениет үйінде көпбалалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, басқа да жұртшылықпен кездесті.

Топ жұмысын Солтүстік Қазақстан облысында жалғастырды.