Астанадағы жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласынан жылан табылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бүгін 112 қызметінің пультіне Сарыарқа ауданындағы Бесшатыр тұйығында орналасқан жеке үйлердің бірінің ауласында жылан жүргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен жыланды қауіпсіз ұстап, елді мекеннен алыс аумаққа жіберген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Құтқарушылар тұрғындарға жыланды байқаса, оған жақындамауға, ұстап көруге немесе үркітуге әрекет жасамауға кеңес береді. Мұндай жағдайда қауіпсіз арақашықтықты сақтап, бірден 112 нөміріне хабарласу қажет.
Айта кетейік, Ақмола облысында жыланның екі түрі жиі кездеседі. Олар – дала сұржыланы мен сужылан. Сужылан адамға қауіп төндірмесе, дала сұржыланы улы жылан саналады.
