
Қазақстанда әр азамат тегін жер телімін алуға құқылы. Алайда жер алу оңай шаруа емес. Бос жер аз болғаныдықтан кейде бірнеше жыл кезек күту керек.
Baribar.kz тегін жер алу үшін қалай өтініш беру қажет екенін, қандай ереже мен шектеу бар екенін талдап көрді.
Жер тегін берілетіні рас па?
Жер кодексінің 50-бабы бойынша, кәмелет жасқа толған Қазақстан азаматтары тегін жер телімін алуға өтініш бере алады. Бұл мүмкіндік жеке жер телімі немесе тұрғын үйі бар-жоғына қарамастан, бәріне беріледі.
Қандай жер телімін тегін алуға болады?
Жерді мынадай үш мақсатта тегін алуға рұқсат:
- жеке тұрғын үй құрылысына — 10 сотық;
- жеке қосалқы шаруашылыққа, оның ішінде суармайтын жерге — 25 сотыққа дейін, суаратын жерге — 15 сотыққа дейін;
- бау-бақша мен саяжайға 12 сотық жер беріледі.
Жер үйге алынған жерге үй салып, тұрақты тіркеуге тұруға болады. Сонымен қатар жер телімін сатып немесе ипотека арқылы сатып алуға мүмкіндік бар.
Жеке қосалқы шаруашылық жеріне үй салып қана қоймай, шаруашылық жүргізуге рұқсат беріледі. Мұндай жерді қала маңынан, бұрынғы елді мекен аумағынан алу қажет.
Бау-бақша мен саяжай жеріне тұрақты тіркеуге тұруға, ипотека арқылы сатып немесе сатып алуға болмайды. Ондай жердің жағдайы әрдайым өмір сүруге қолайлы болмауы мүмкін.
Өтініш беруге қағаз құжат қажет пе?
Өтініш беру үшін қағаз құжат қажет емес. Өтінішті онлайн рәсімдеп, жолдауға болады. Тек электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Жер теліміне қалай өтініш беру керек?
ЖТҚ (жеке тұрғын үй құрылысы) үшін eGov.kz порталы арқылы өтініш жіберу керек. Қызмет атауы — «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұру (10 сотық)».
Өтініш беру үшін:
- eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік», оның ішінде «Жер қатынастары» бөлімін таңдап;
- «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегін қарау немесе кезекке тұру (10 сотық)» деген батырманы басып;
- «Онлайн тапсырыс беру» бөлімін белгілеп;
- облыс, аудан, ауылдық округті таңдап;
- өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойып;
- өтінішті растайтын хабарлама алу қажет.
ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылық) пен саяжайға жер алу үшін «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» картасынан бос жерді өзіңіз іздейсіз. Таңдаған жерді картадан скрин фотоға түсіріп, eGov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы өтініш беру керек. Қызмет атауы — «Мемлекеттік меншіктегі жерді алу».
Адам қайда тіркелгені маңызды ма?
Жер алуға өтініш жолдау үшін тіркелген аймақ маңызды емес. Кез келген өңірден жер алуға болады. Мысалы, Алматы немесе Астана тұрғыны өз аймағынан бос жер телімін таппаса, Алматы облысы, Ақмола облысы немесе басқа аймақтан жер қарастыра алады.
Бірден бірнеше өңірде кезекке тұруға рұқсат бар ма?
Бір уақытта бірнеше өңірде кезекке тұруға болады. Алайда әр адамға бір жер телімі беріледі. Демек, қай жақтағы кезегіңіз бірінші келсе, сол жерді аласыз. Басқа өтініштер автоматты түрде жойылады.
Қанша уақыт кезек күту керек?
Ұзақ күту керек. Ең аз дегенде 5–6 жыл, бірақ көбіне 10–15 жыл немесе одан да көп уақыт күтуге тура келеді. Мысалы, қазір ЖТҚ (жеке тұрғын үй құрылысы) бойынша, төрт миллионнан астам адам кезекте тұр.
Үлкен қалаларда бос жер жоқ. Астана мен Алматыда көптен бері тегін жер берілмейді.
Делдал арқылы жылдам жер алу мүмкін бе?
Делдал арқылы тез жер алуға болмайды. Кезек толық электрон түрде тізіледі. Делдал тек ақылы кеңес беріп, жер іздеуге көмектесуі мүмкін. Алайда ол кезек күтуді жедел шеше алмайды. Делдал қызметіне жүгініп, жер алуға ешкім кепілдік бермейді.
Кезек ретін қалай біле аламыз?
eGov.kz порталы немесе ЖМБМК (Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) арқылы кезек нөмірін, өтініш берген күн мен өтініш мәртебесін тексеруге болады:
- eGov порталында — «Бұрын берілген өтініштердің дерегін өзектендіру» бөлімінен;
- ЖМБМК (Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) жүйесінде — «Менің профилім» → «Менің кезегім» бөлімінен қарау қажет.
Жер телімін алған соң не істеу қажет?
Жерді алған соң оны пайдаланбай қоюға, бос қалдыруға болмайды. Міндетті түрде жерді игеріп, кәдеге жарату қажет. ЖТҚ мен ЖҚШ жерін алған адам сол аумаққа тұрғын үй салуға міндетті. Саяжай жеріне бау-бақша егіп, оны баптау қажет.
Ескеру қажет қағида: жерге үй салып, онда тұра бастаған соң ғана жер жеке меншікке өтеді.
Әдетте, тегін берілген жерді игеруге үш жыл уақыт беріледі. Нақты мерзімі мен талабын жергілікті әкімдік бекітеді. Жер иесі белгіленген уақыт аралығында жерді пайдаланбаса, жерді мемлекет қайтарып алады.
***
Тағы оқыңыз:
