Өскемендегі жарылыстан 2 адам қаза болып, 5 адам жараланды

Өскемендегі «Казцинк» аумағында болған жарылыс адам шығынымен аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Компанияның мәліметінше, оқиға бүгін таңертең металлургиялық өндіріс алаңында болған. Алдын ала дерек бойынша, түтін сорғышты тазалау кезінде жарылысқа ұқсас дыбыс шығып, соның салдарынан өрт туындап, құрылымдардың бір бөлігі опырылған.

Апат салдарынан екі адам қаза болып, тағы бес адам жарақат алған. Зардап шеккендерге қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп, салдарын жою шараларын жүргізіп жатыр. Жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысы бойынша анықталады, — делінген хабарламада.

Компания қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпті ластаушы заттардың таралуы тіркелмеген, тек рұқсат етілген шекті мөлшерден аспайтын шаң байқалған.

Еске салайық, бұған дейін жарылыс салдарынан өрт шыққаны, оның жедел түрде оқшауланғаны хабарланған еді.