ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында Joint Commission International (JCI) сертификатының аясын кеңейту бойынша инспекциялық аудит өткізілді. Бұл тексеріс 80 орындық жаңа көпбейінді стационар мен тәулігіне 450 адам қабылдайтын емхананың іске қосылуына байланысты жүргізілді.
Аудит нәтижесінде аурухана қызметінің халықаралық аккредитация стандарттарына толық сәйкес келетіні тағы бір мәрте дәлелденді. JCI – медициналық қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бағалайтын әлемдегі ең беделді стандарттардың бірі.
Аталған аурухана 2016 жылдан бері осы халықаралық аккредитациядан өтіп келеді және 2019, 2022, 2025 жылдары өз сапасын тұрақты түрде растаған. Инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде жаңа емдеу корпусы мен заманауи кешендердің ашылуы халықаралық талаптарға сай жүзеге асырылуда.
Кезекті аудиттен сәтті өту – медициналық мекеменің пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен емдеу тиімділігін арттыру бағытындағы жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл аурухананың еліміздегі халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін жетекші медициналық ұйымдардың бірі екенін тағы да дәлелдейді.
