Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымына дайындықты жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Премьер-министрдің айтуынша, барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс.
Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Егер күзде энергия нысандары дайын болмаса, өңір әкімдері жеке жауап береді, – деді ол.
Үкімет басшысы екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімді аяқтап, жөндеу жұмыстарына кірісуді міндеттеді. Сонымен қатар жылумен қамту нысандарындағы жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін толық аяқталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Инфрақұрылымды дайындау мерзімдері өңірлерге қарай белгіленді:
- солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде – 15 қыркүйекке дейін;
- қалған өңірлерде – 15 қазанға дейін.
Премьер-министр әкімдерге нысандарды жеке бақылауға алып, жұмыстардың уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды.
