Не болды?

Алматыда итті жаппай өлтіруге рұқсат ететін заң жобасы талқыланды. Азаматтар заң жобасының қабылдануына қарсы. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Жануарларға қатысты жүйелі шешімдер саласының сарапшысы Юлия Коваленконың мәліметіне қарағанда, елімізде 2024 жылы 268 434 көшедегі бұралқы ит ұсталып, олардың 228 954-і өлтірілді (85,3%). Ал 2025 жылы 276 282 жануар ұсталып, оның 234 000-ы өлтірілді (84,8%). Алайда жануарлардың, әсіресе иттің баланы немесе үлкенді қауып алған, тістеп алған жайт азаймай отыр. Керісінше кейінгі жылдары 6,5% артқан. Демек, итті өлтіріп отыру халыққа төнетін қауіпті азайтпайды.

Мәжілісте сындай көрсеткіштерге сүйеніп, жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Ал сарапшылар заңның қабылдануына жол бермеу керек деп отыр.

«Заң бар да, әрекет жоқ»

Юлия Коваленко жануарларға қатысты 2021 жылғы заңды әзірлеуге және оның орындалуын мониториңдеуге қатысқан.

Бұл жағдай халықаралық тәжірибеге қайшы болып тұр. Әлемде ҰСВҚ (ұстау–стерилдеу–вакцина салу–қайтару) механизмі енсе, бұралқы жануарлар да, олардың адамға зия тигізетін жағдай да азаяды. Алайда бізде олай болмай тұр, — дейді KARE қорының жетекшісі Юлия Коваленко Қазақстан Баспасөз-клубында өткен брифиңде.

Юлия Коваленко
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Оның айтуынша, ҰСВҚ механизмі заң бойынша қолданысқа енсе де, іс жүзінде жүзеге аспаған. Бұл — кешенді жүйе. Алайда Қазақстанда жануарлар есебі толық жүрмейді, міндетті тіркелмеген, жануарлардың иесі де қадағаланбайды. Жануарлардың төлдегенін алдын ала есептейтін, тіркейтін жүйе істемейді.

Өкінішке қарай, іс жүзінде нәтижесіз болса да жаппай жою деген құрал қолданылып отыр. Демек, халық үшін қауіптің азаюына емес, жойылған жануарлар санын бағалауға мән беріп отырмыз. Мен бұл заң жобасын қайта қарастыруды талап етемін, — деді Юлия Коваленко.

Кез келген мүліктің иесі болатындай, әр ит пен мысықтың да иесі бар

Лилия Сәрсенова — Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығының жетекшісі, заңгер, парламенттегі жұмыс тобының мүшесі. Оның айтуына қарағанда, кез келген мүліктің иесі болатындай, әлемдегі әр ит пен мысықтың да иесі бар. Ол заңды тұлға, жеке адам немесе мемлекет болуы да мүмкін.

Лилия Сәрсенова
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Иесі жануары үшін жауапты болуы керек. Заңды тұлға не жеке адам арқаламаса, мемлекет арқаласын. Алайда бұл шектен шығып, мемлекет оларды жаппай жоя алады дегенді білдірмеуге тиіс. Жаңа заң жобасының қабылдануына қарсымын. Ондағы өзгеріс түсініксіз. Басқа азаматтарды да заң жобасына қарсы дауыс беруге шақырамын, — дейді Лилия Сәрсенова.

Жаңа заң жобасы қабылданса, не өзгереді?

  1. Жануарларды уақытша ұстау пунктеріне тапсыру міндеттеледі.
  2. Бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалану үшін бұралқы жануарларды бюджет есебінен вакцинациялау туралы норма жойылады.
  3. Бұралқы жануарлардың санын реттеу негізі артады. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін олардың саны эвтаназия арқылы реттеледі.
  4. Қосымша нормалар енеді. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың өкілеті нақтыланады, жануарды міндетті есепке алу мен чиптеу енеді, оларды ұстауға қойылатын талап белгіленеді.

«Жануарға зорлық көрсететіндер мен балаға зорлық көрсететіндердің айырмасы жоқ»

Аружан Сайын — Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл, қоғам қайраткері. Оның айтуына қарағанда, уәкіл болып істеген төрт жыл ішінде бала құқықтары жөніндегі ұйымға «жануардан зардап шекті» деп шағым айтқан ата-ана болмаған.

Әлемдік қорытындыға қарасақ, адам үйіндегі жануарға басқа адамға қарағанда бес есе көбірек зорлық көрсетеді. Балаға зорлық көрсеткен отбасындағы ата-ананың 88%-ы жануарға да қатыгез. Адам өлтірген қылмыскерлердің басым көпшілігі кішкентай кезінен жануарға қатыгез болуды қалыпты деп біледі. Бұл — алаңдап, дабыл қағатындай көрсеткіш, — дейді ол.

Аружан Сайын
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Аружан Сайынның айтуына қарағанда, біз қазір әрекетімізбен баламызға «қандай да бір жағдайда жануарды өлтіруге болады» деген түсінік қалыптастырсақ, қылмыскерді өз қолымызбен өсіреміз. Сосын оны қоғамға қосамыз. Алайда бұл мемлекет — біздің үйіміз. Сол үшін бұл заңды қабылдамас бұрын, егжей-тегжейлі тексеру керек.

2021 жылы қолданыстағы заң қабылданды. Алайда ол іс жүзінде жүзеге асқан жоқ. Ендеше неге сол заңның жүзеге аспау себебін зерттеп, талдау жасаудың орнына жаңа заң қабылдауға асығып жатыр? Меніңше, ең алдымен қазіргі заң аясында істелген жұмыстың қорытындысын шығару керек. Мемлекеттен сол жануарларды аулауға, күтуге қанша ақша бөлінді? Дәлелі болмаса да, сол жұмыстар қандай деңгейде орындалды? Мемлекеттік орган қызметкерлері біздің үнімізге құлақ асады, сұрақтарымызға жауап береді деп үміттенемін, — дейді Аружан Сайын.

Контекст

Естеріңізге салайық, Қазақстанда жануар өлтіргендердің жазасы қатаңдайды.

Былтыр Алматыда ит пен мысықты тегін чиптеу бағдарламасы басталған еді.

Жұрт бұралқы итті 5 күннен соң ату жайлы не деп жатқанын оқыңыз.