Жұрт бұралқы итті 5 күннен соң ату жайлы не деп жатыр?

Мәжіліс депутаттары 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгеріс енгізуді талқылап жатыр. Бұған дейін мамандар көшедегі бұралқы иттерді стерилдеп, вакцина салатын еді. Ал жаңа заң бойынша, көше кезіп жүрген итті бес күнге дейін иесі іздемесе, итке эвтаназия жасайды. Демек, дәрі егіп, өлтіреді. Бұл ережені бір топ қолдаса, екіншісі қарсы болып отыр.
Baribar.kz қараусыз қалған итті өлтіру жайлы әлжелідегі пікірлерді тізіп шықты.

«Бір баланың өмірі мың иттен артық»

Мәжіліс депутаты, заң жобасының авторы Еділ Жаңбыршиннің сөзіне қарағанда, бір баланың өмірі мыңдаған иттен артық. Депутат адамның өмірі мен денсаулығын мемлекет қорғауға тиіс екенін айтты. Елімізде баланы да, үлкенді де ит талаған кезі бар.

Заңның авторы ретінде нақты ұстанымым адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, мемлекет оны барлық шарамен қорғауы керек, — дейді депутат.

«Адам қорлаған иттер туысыңызды қауып алған иттен көп»

Тhreads қолданушысының пікіріне қарағанда, әрбір тіршілік иесінің тіршілік ету құқығы бар. Ол адам қорлаған иттер туысыңызды қауып алған иттен көп екенін жазып отыр.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Қазақта ит Жеті қазынаның бірі екені деп айтылып жатыр.

Ит адамға ықылым заманнан бері қызмет етіп келе жатыр. Енді біз қалаға көшіп, мал бақпайтын шақта ит керек емесі рас. Дегенмен адамды қолайсыз жағдайға қалдыратын кез келген тіршілік иесін өлтіре берсек, санамыз дамыған, бәрінен биік деп айта аламыз ба? — дейді Тhreads қолданушы.

«Қала орталығында он шақты ит шабуылдады»

Алматыда тұратын Гауһар Айбектің екі жастағы қызын қаланың ортасында тұтқиылдан ит қауып ала жаздаған. Ол итке тиіспеген, тіпті, байқамаған.

Ит көлік артынан екі жасар қызыма қарай жүгіріп келді. Жолдасым қызымды көтеріп үлгерді. Бізді он шақты ит қоршап алды. Атам қолындағы затын лақтырып, қорғамаса, бізді талайтын еді. Бұл жағдай «АДК» сауда орталығының артында болды, — дейді қала тұрғыны.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Бұл ережені қолдайтын жұрт талай бала иттің құрбаны болғанын, ауылдарда ит топ болып жүретінін айтып, алаңдап отыр.

Қолдаймын. Атып тастаса да ренжімеймін. Себебі үлкендер тұрмақ, талай бала иттің құрбаны болды, — дейді бір тұрғын.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Көше кезген бұралқы иттер — жауапсыз адамның әрекетінің салдары

Депутат Дәулет Мұқаевтың сөзіне қарағанда, жануарлар туралы заңды қабылдау үш жылдан бері талас-тартысқа түсіп жатыр. Ол осы аралықта қаншама бала мен үлкенді ит талағанын жазып отыр.

Ал Нұрбол Құсайын депутаттың айтқанына қарсы болып, заң қоғамдағы ең әлсіз топты қорғаса ғана әділет орнайды дейді. Ол көшедегі ит тағдырын өзі таңдамаған, бұл жауапсыз адамдар әрекетінің салдары деп біледі.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Пікірін ортаға салып жатқан жұрт арасында журналист Тимур Балымбетовтің де жазбасы бар. Ол жануарды өлтіру қылмыс дейді.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Ит өлмейтін, адам таланбайтын ереже қажет

Тағы бір азамат адамды бір ит қапты деп, барлық итті өлтіруге қарсы. Ол билік өкілдерінен итті өлтіруден гөрі, стерилдеп, босатуды талап етіп отыр.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

Бұл мәсселені шешу үшін ит өлмейтін, адам таланбайтын нұсқа да бар, — дейді ол.

Мақсат Әсетұлы деген қолданушының пікіріне қарағанда, сиыр мен жылқы етін жеп отырып, итті өлтіруге қарсы болу — екіжүзділік.

Тhreads скрині
Фото: Тhreads

***

Тағы оқыңыз:

Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы басталды