Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, кездесуде президентке 2025 жылдың қорытындылары мен 2026 жылға арналған негізгі міндеттер таныстырылды.
Министрдің айтуынша, жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленіп, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр.
Жұлдыз Сүлейменова бастауыш білім беру мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып қайта қаралып жатыр.
Сонымен қатар министр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталғанын мәлімдеді.
Саланы цифрландыру бағытында да бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта мектептердің 99%-ы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізілген. Сонымен қатар дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.
240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ-ассистенттерді пайдалану дағдыларын меңгеруіп жатыр. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылды. Нәтижесінде үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешілді. Сонымен қатар 209 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи құралдармен жабдықталған. Балабақшаға кезек шамамен екі есеге қысқарған, — деді министр.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту және білім беру саласын цифрлық трансформациялау бойынша бірқатар тапсырма берді.
Сонымен қатар президент алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізудің маңыздылығын атап өтті.
