Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде 1000-ға жуық мектеп пен колледжде «Заң және тәртіп» жобасы аясында құқықтық мәдениет сабақтары басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жобаны кең көлемде енгізу туралы шешім Талғар ауданында өткен пилоттық кезең нәтижелері негізінде қабылданды.
600-ден астам тәлімгер оқушылармен жұмыс істейді
Бұл өңірде жүргізілген сынақ барысында оқушылар арасындағы буллиң мен құқық бұзушылықтар деңгейінің төмендегені тіркелген.
Ең көп қамтылған өңірлер қатарында Шымкент қаласы (100-ге жуық білім беру ұйымы), Қарағанды облысы (190-нан астам) және Павлодар облысы (шамамен 110 ұйым) бар. Жоба аясында оқушылармен жұмыс істеуге құқық қорғау органдарында қызмет еткен тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылған. Сабақтар екі аптада кемінде бір рет өткізіліп отырады, — делінген хабарламада.
Талғар тәжірибесі – елге үлгі болды
Баспасөз қызметінің мәліметінше, пилоттық кезең барысында Талғар ауданындағы 10 мектеп пен үш колледжде 9 мыңнан астам оқушы қамтылды. Мониториң нәтижелері буллиң мен кибербуллиң жағдайларының 18% азайғанын көрсетті. Сонымен қатар мінез-құлық тәуекелі төмен оқушылар үлесі 31,9% артқан, ал ерекше бақылауды қажет ететін жасөспірімдер саны 30% қысқарған.
Жоба оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Аталған бастама Қазақстан балалары тұжырымдамасы аясында кезең-кезеңімен бүкіл республика бойынша енгізілетін болады. Бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған бірыңғай тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
***
Тағы оқыңыз:
Талғарда заң және тәртіп пәні енеді. Бұл балаларға қалай әсер етеді?
