2,4 млн турист: Bloomberg пен CNN Алматыны үздік бағыттар қатарына қосты

Алматы Bloomberg нұсқасы бойынша 2026 жылы баруға ұсынылатын үздік 25 бағыттың тізіміне кірді. 2025 жылы қалаға 2,4 млн турист келген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, қала Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып, туристер санының тұрақты өсімін көрсетіп келеді.

Шетел туристерінің шығыны 40% өсті

2025 жылы Алматыға 2 487 889 адам келген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 6,3% жоғары. Оның ішінде шамамен 754 мыңы шетел туристері. Ал ішкі туристер саны 1,7 миллионға жетіп, өсім 4,8% болған, — делінген хабарламада.

БАО, Алматы таулары, турист, туризм, Үлкен Алматы көлі
Фото: Алматы әкімдігі

Сарапшылардың пікірінше, туристер легінің артуы Алматы бағытына деген қызығушылықтың және оның экономикалық маңызының күшейгенін көрсетеді. Mastercard Tourism Insights деректеріне сәйкес, қалада шетел туристерінің шығыны 40% өсіп, сапарға деген қызығушылық 73% артқан.

Алматы – Орталық Азияның Capital of Cool қаласы

Алматының туристік тартымдылығы халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Қала CNN Travel нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлемдегі үздік туристік бағыттардың қатарына енді және Орталық Азияның Capital of Cool қаласы атанды. Сонымен қатар Bloomberg нұсқасы бойынша 2026 жылы баруға ұсынылатын үздік 25 бағыттың тізіміне кірді.

Алматы қаласы, Көктөбе, ауа сапасы, Алматы таулары, ауа райы,
Фото: Алматы әкімдігі

Қазіргі уақытта мегаполисте Алматы тау кластерін дамыту, іскерлік және оқиғалық туризмді ілгерілету, сонымен қатар халықаралық деңгейде қала брендін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.