Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматы облысында «Кеген – Нарынқол» жолы опырылды

Фото: Әлеуметтік желіден
Алматы облысындағы республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолының бір бөлігі 3 сәуірде сағат 11:30 шамасында опырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, оқиға жолдың 20-шақырымында орын алған. Еріп кеткен қар суын өткізу кезінде қолданылып тұрған су құбыры зақымданып, жол төсемі шайылып кеткен. Бұл учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына жатпаған. Қазіргі уақытта жол учаскесі орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мердігер ұйымның қарауында.

Қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтас жол арқылы ұйымдастырылған. Тиісті қызметтер жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр, және шамамен 20 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізетін құбыр мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары еріген судың толық өтуінен кейін басталады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл учаске арқылы күніне шамамен 500 автокөлік өтеді, ал жол 1960–1970 жылдары салынған.