Қазақстан Пәкістанға 600 электр автобус жөнелтеді

Не болды?

Қазақстанның Falcon EuroBus компаниясы Пәкістанға 600 электр автобусын жөнелтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, автобустардың алғашқы легі биыл сәуірде жете бастайды. Бұған екі тарап Исламабадта өтіп жатқан «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумында келісті. Бизнес форумда Пәкістанның OGCC International компаниясы коммерциялық құжатқа қол қоймақ. Келісім құны – 108 млн доллар.

Болашаққа жоспар қандай?

«B2B кездесуде Пәкістанның білім министрлігінің өкілдерімен кездесіп, алдағы уақытта оқушы таситын 2000 автобус жеткізуге келісіп отырмыз», — деді Falcon EuroBus директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділханов бизнес форумдағы мәлімдемесінде.

Анықтама

Falcon EuroBus — 2018 жылы Алматыда бой көтерген электр автобус жасайтын кәсіпорын. Компания осы уаққа дейін жылына 1500 автобус шығарған. Ал биыл 3000 автобус шығаруды жоспарлап отыр.

Контекст

Естеріңізге салайық, бүгін Пәкістан премьер-министрінің резиденциясы Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды. Бизнес форум мемлекет басшысының Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып отыр.