Елімізде қанша ауыл ішімдіктен бас тартты?

Көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ІІМ ауқымды профилактикалық іс-шара өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ІІМ мәліметінше, бұл жұмыс мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және еріктілермен бірлесіп жүзеге асырылды.

Профилактикалық іс-шаралар аясында нысаналы алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылды. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 9 мыңнан астам тұлға тексеріліп, олардың тарапынан жасалуы мүмкін 2,8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Нәтижесінде соттар 850 құқық бұзушыға қатысты мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі. Сонымен қатар ел көлемінде 900-ден астам профилактикалық антиалкогольдік акция өткізілді, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, ішімдіктен ерікті түрде бас тартқан елді мекендердің саны артып келеді. Қазір Қазақстан бойынша 546 елді мекен алкоголь өнімдерін тұтыну мен сатудан толық бас тартқан.

Қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің, соның ішінде алкогольдік мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың азаюы байқалып отыр.