«Қазгидромет» РМК алдағы бірнеше күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, кезеңнің бірінші жартысында Қазақстан аумағының басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болады, соның салдарынан жауын-шашынды ауа райы күтіледі.
5-6 ақпанда жаңбыр мен қар, көктайғақ, тұман, боран және екпінді желдің болуы ықтимал. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда күндізгі температура 3 градус аяздан 2 градус жылуға дейін көтеріледі, оңтүстікте – 8-17 градус жылу, оңтүстік-шығыста – 5-15 градус жылу байқалады. Кезеңнің соңында солтүстік-батыстан суық ауа массаларының келуімен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы күрт төмендеуі мүмкін, — делінген хабарламада.
