Не болды?

Елімізде 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап салық реформасы мен әлеуметтік салаға қатысты бірқатар өзгеріс болады. Baribar.kz ақпан айындағы басты жаңалықтар мен өзгерістер тізімін ұсынып отыр.

Миланда XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді

6 ақпан мен 22 ақпан аралығында XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді. Сайыстың ашылу салтанаты Милан қаласындағы әйгілі «Сән-Сиро» футбол стадионында өтеді. Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығына жоспарланып отыр. Жалпы сайысқа әлемнің 93 мемлекетінен 3 500-ден аса спортшы қатысады. Италияға Қазақстаннан 36 спортшы бара жатыр.

қысқы олимпиада, спортшылар
Иллюстрация: Бекзат Исамберген

Ашылу салтанатында туды шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл-могул бағыты бойынша бақ сынайтын Аяулым Әміренова ұстап шығады. Көрермен ашылу салтанаты мен олимпиада бағдарламасын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарнасындағы тікелей эфирден көре алады. Сайыстың жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында өтеді.

Ақпанда халық қанша күн демалады?

2026 жылғы ақпан айында Қазақстанда ресми мемлекеттік мереке жоқ. Халық сегіз күн демалады. Бұл бес күндік жұмыс кестесімен жұмыс істейтіндерге қатысты. Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер ақпан айында төрт күн демалады.

Ақпандағы атаулы күндер:

Одан бөлек дүниежүзінде:

  • Қатерлі ісікке қарсы күрес күні;
  • Адамзаттық бауырластықтың халықаралық күні;
  • Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні сияқты мерекелер бар.

Жеке кәсіпкерлер салық режимін таңдай алады

2026 жылғы 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкер салық органына өтініш тапсыруы керек. Өтініш бермесе, автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауысады.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патентпен немесе арнайы мобайл қолданба арқылы істеген кәсіпкерлер «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» режиміне өте алады. Бұл форматта жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істеуге болады. Ол үшін қолданбаға алғашқы түбіртек тіркеуі керек.

Бұрын бөлшек салықты немесе жеңілдетілген декларацияны қолданған жеке кәсіпкер жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыра алады. Алайда жаңа ереже бойынша, кіріс мөлшері кемінде 600 000 АЕК (2 млрд 595 млн теңге), базалық мөлшерлеме 4% болуы керек. Оны 2%-ға дейін төмендетуге немесе 6%-ға дейін арттыруға болады. Бұл үшін 2026 жылғы 28 ақпанға дейін режимді қолданатыны туралы хабарлама беруге тиіс. Шаруа және фермер қожалығы үшін арнайы режим қарастырылған. Оған автоматты түрде көшеді.

Жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкер 910 формасын тапсыруы керек

Жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкер 2025 жылғы екінші жартыжылдық үшін 910-форманы 2026 жылғы 15 ақпанға дейін тапсыруға, салығын 25 ақпанға дейін төлеуге тиіс. Бұл талап жаңа салық кодексінде де бар.

ҚР азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініш қабылдау басталды

Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер тестілеуге 3–10 ақпан аралығында өтініш бере алады. Өтінішті ұлттық тестілеу орталығының сайтынан беруге болады. Тест 11 ақпан күні өтеді.

Емтихан үш бөлімнен тұрады: қазақ тілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері (қазақ немесе орыс тілінде), қазақстан тарихы (қазақ немесе орыс тілінде). Тапсырма орындауға 2 сағат 10 минут беріледі. Тестілеу құны – 14 693 теңге.

Балаларға жыл сайынғы төлемі түседі

2026 жылғы 1 ақпанға дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында үшінші жылдық төлем беріледі. Бұл — 2025 жылға арналған төлем. Ол 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін 18 жасқа толмаған барлық Қазақстан азаматына беріледі.

Төлемнің нақты мөлшері әзір белгісіз. Ол балалар санына, ұлттық банк дерегіне қарай анықталады. Мысалы, 2024 жылы балаларға 100,52 доллар, ал 2025 жылы 129,38 доллардан есептелген. Бұл ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана тұрғын үйді жақсартуға немесе білім алуға пайдалануға болады.

Қаңтар айындағы ҰБТ аяқталады

Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне қарағанда, тестілеуге шамамен 187 мың адам өтініш берген. Олардың 75,2%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған.

1 ақпаннан бастап мектептерде ерекше бақылау енгізіледі

Кейінгі жылдары балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамалық база кеңейді. Сол үшін 1 ақпаннан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енеді. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 111 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Барлық өңірде бала құқығы жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Ал 1 ақпаннан бастап енетін тексеріс балалардың қауіпсіздігі және тамақтану сапасына қатысты болады, — деді үкімет басшысы.

Димаш Құдайбергеннің шоуы басталады

5 ақпан күні Димаш Құдайбергеннің Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық реалити-шоуының тұсауы кесіледі. Ол Қытайдың Hunan TV телеарнасы мен Mango TV платформасынан көрсетіледі. Жоба аясында Сербия, Италия, Малайзия, Қырғызстан, Қытай және Қазақстаннан келген өнерпаздар бір сахнада өнер көрсетеді.

Димаш Құдайберген
Фото: Dimashnews.com

Қазақта «сыйға – сый» деген тамаша бір сөз бар. Қытай тілінде «тоу тау бау» дейді. Мен де артымнан еріп келе жатқан ұл-қыздарға кішкене септігімді тигізе алсам, сол игі, — дейді Димаш Құдайберген.

IZI мен Tele2 операторларының тарифі қымбаттайды

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда интернет тарифі мен теледидар қызметі саласында бірқатар өзгеріс күшіне енеді. IZI операторы ULTRA тарифінің бағасын 2690 теңгеден 2890 теңгеге көтереді. Tele2 компаниясы 9 ақпаннан бастап Life жазылымындағы Яндекс Плюс қызметін тек бір құрылғыда пайдалануға мүмкіндік береді.