Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай жаңа Конституция жобасы туралы пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа Конституция 320 тармақтан және 95 баптан тұрады, ал жобаны 130-дан астам азамат әзірледі. Бұған дейін 1995 жылы қабылданған Конституцияны небәрі 12 адам жасаған, оның үшеуі – шетел сарапшылары болған. Жаңа жобаның қазақ тіліндегі мәтіні толық қайта жазылды және еліміздің тарихы мен мемлекеттілік сабақтастығы нақты көрсетілген, — деді Мақсат Толықбай мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаты кейбір жалған ақпараттарға қатысты пікір айтты. Ол жаңа Конституцияда елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтінін, президенттің өкілетіне қосымша шектеулер енгізілмегенін, ал адам құқығы мен бостандығы негізгі басымдық ретінде қарастырылғанын жеткізді. Енді кез келген адам ұсталған сәттен бастап өзінің құқығы мен адвокат көмегін пайдалану мүмкіндігі туралы хабардар болуға тиіс.
