Елімізде Паркинсонға шалдыққан 300-ден астам пациентке операция жасалды

Бақыткүл Тәукенқызы 2006 жылдан бері Паркинсон ауруымен ауырады, әуелі оның қимыл-қозғалысы бәсеңдеп, оң қолы, 4-5 жылдан кейін сол қолы қатты дірілдейтін болған. Ауруы асқына берген соң пациентке Паркинсон ауруына қарсы дәрі-дәрмек дозасын артығымен қолдануға тура келген. Бұдан дәрі дискинезиясына ұшырап, өздігінен жүріп-тұра алмай қалады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014 жылы Ұлттық нейрохирургия орталығында Бақытгүл Таукенқызының миын терең стимуляциялау бойынша операция жасалды. Пациент осымен бесінші жыл ұялы телефон сияқты кішкентай құрылғымен өмір сүріп келеді. Құрылғы миды стимуляциялау бағдарламасын емделушінің жағдайына қарай бірінен екіншісіне ауыстыруға мүмкіндік береді. Бақытгүл Таукенқызының айтуынша, құрылғы оның өмір сүру сапасын жақсартқан, бұрынғыдай емес, өзгенің көмегінсіз жүріп-тұратын болған.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 20 мыңнан астам адам Паркинсон ауруынан зардап шегеді. 2013 жылдан бастап «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ аталған патологияны емдеудің нейрохирургиялық әдістерін — миды терең нейростимуляциялау және паллидотомия мен таламотомия сияқты аблятив араласулар жүргізу әдісін енгізді және соны сәтті қолданып келеді, — дейді Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен жыл сайын 11 сәуірде Паркинсон ауруымен күрестің дүниежүзілік күні (World Parkinson’s Day) аталып өтеді. Бұл күн қоғамда Паркинсон ауруы туралы ақпарат таратуға, науқастарға және олардың отбасыларына қолдау көрсетуге, сырқаттан арылуға көмектесуге үндейді.

Осы атаулы күн аясында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ 10-11 сәуір аралығында Паркинсонмен ауыратын және қимыл-қозғалысы бұзылған пациенттерге неврологтардың тегін консультациясын ұсынды.