Басты бет / Жаңалықтар /
темекі, вейп, электрон темекі, шылым
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазақстанда темекі шеккен адамға қандай жағдайда айыппұл салынады?

Қазақстанда темекі өнімдерін кез келген жерде шегуге болмайды. Заңда темекі, кальян, қыздыратын темекі өнімдері, электронды темекі және оларға арналған сұйықты тұтынуға тыйым салынған орындар нақты белгіленген. Мұндай талаптарды бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Baribar.kz Қазақстанда қай жерде темекі шегуге болмайтынын және қандай жаза көзделгенін түсіндіреді.

Қай жерде темекі шегуге тыйым салынған?

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша, темекі өнімдерін мына орындарда шегуге болмайды:

  • білім беру ұйымдарында;
  • денсаулық сақтау ұйымдарында;
  • балалардың демалысына арналған ұйымдарда;
  • театр, кинотеатр, концерт және көрме залдарында;
  • спорт нысандарында;
  • қоғамдық тамақтану орындарында (заңда көзделгендерді қоспағанда);
  • тұрғын үйлердің кіреберісінде;
  • заңда белгіленген өзге де қоғамдық орындарда.

Темекі шеккені үшін қандай айыппұл салынады?

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша, заңда тыйым салынған жерде:

  • темекі бұйымдарын;
  • қыздыратын темекі өнімдерін;
  • кальян темекісін;
  • кальян қоспасын;
  • темекіні қыздыруға арналған жүйелерді;
  • электрон тұтыну жүйелерін (электрон темекі);
  • оларға арналған сұйықты

пайдаланғаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге. Демек, биыл тыйым салынған орында темекі шеккен адам 64 875 теңге айыппұл төлейді.

Құқық бұзушылық қайталанса ше?

Азамат осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайта жасаса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін өседі.

2026 жылғы есеп бойынша, бұл 86 500 теңге болады.

Электрон темекіге де осы талап қойыла ма?

ӘҚБтК-нің 441-бабында кәдімгі темекі ғана емес, қыздыратын темекі өнімдері, кальян, темекіні қыздыру жүйелері, электрон темекі және оларға арналған сұйық та көрсетілген. Сондықтан тыйым салынған орындарда бұл өнімдерді қолданса, дәл осындай жауапкершілік қарастырылған.

Темекі шегуге қай жерде рұқсат етіледі?

Темекі өнімдерін тек арнайы белгіленген орындарда шегуге болады. Мекемеде немесе қоғамдық орында темекі шегуге арналған арнайы аймақ қарастырылмаған болса, онда темекі шегуге болмайды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook