Астанада көпбалалы отбасыларға қосымша әлеуметтік қолдау жасалады

Астана әкімдігі тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлейді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімдігінде Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен кезекті кеңес өтті, ондағы басты мәселеге тұрғындардың әл-ауқатын және тұрмыс-тіршілігінің сапасын арттыру болды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындауға барлығымыз атсалысуымыз керек, — деді Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің айтуынша, 2 мың отбасы үшін тұрғын үй көмегі орташа есеппен 18%-ға арттырылды.

Аз қамтылған отбасылар коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша көмекке ие болады. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілер тегін жолақысымен қамтамасыз етіледі. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек 25 мың теңгеге дейін арттырылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі. Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру қарастырылды, — деді Нұрлан Нұркенов.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша әкімдік тұрғындарды қолдау жөніндегі әлеуметтік қызметтер мен шаралар жиынтығын әзірледі және оның қатары әлі де кеңейтіледі.

Бұл үшін бюджетті оңтайландырып, үнемделген қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаймыз. Алдағы бюджетті нақтылау аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жалпы сомасы 3,2 миллиард теңге болатын 8 қосымша әлеуметтік шара қарастырылады, — деді әкім.

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көпбалалы отбасылардың балаларына, оның ішінде мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі. Бұл көмекті 36 мың адам алады. Бұған бюджеттен 208 миллион теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылардың 1-11-сыныптарда оқитын балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 миллион теңге бөлінеді. Олар сонымен бірге мектеп формасымен және қажетті оқу құралдармен тегін қамтамасыз етіледі: 32 мың балаға 638 миллион теңге бөлінеді.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы да ұйымдастырылады — 10 мың балаға 500 миллион теңге бөлінеді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары және мүгедек балалар балабақшаға тегін орналастырылады. Бюджеттен 3,8 мың баланы қамту үшін 513 миллион теңге қарастырылады.

Бұған қоса, көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға Астанадағы жоғары оқу орнында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар беріледі. Көпбалалы аналарға тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі. Бұл көмекпен 10 мың адамды қамту үшін 404 миллион теңге бөлінбек. Сонымен қатар бюджет нақтыланғаннан кейін көпбалалы отбасылар көмір алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру — қаладағы барлық мемлекеттік органның міндеті. Сондықтан тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларын арттыру бойынша Астана әкімдігінің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, — деді Бақыт Сұлтанов.