Тегін балабақша және 8 жаңа мектеп. Алматы әкімі тұрғындарға есеп берді

2022 жылға дейін Алматыда сегіз мектеп салынады. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек халыққа есеп беруі кезінде айтты.

Қала халқы орташа есеппен жылына 50 мың адамға артып келеді, оқушылар саны 10-12 мыңға, мектепке дейінгі балалар саны 5-7 мыңға көбейіп жатыр. Соның салдарынан мектептердің кейбірінде орын жоқ. Мысалы, «Рахат» ықшамауданында 90 орынға арналған бір ғана мектеп бар, онда 500-ге жуық бала оқып жатыр. «Трудовик» ықшамауданында да 100 орындық бір мектеп бар. Ал ауданда мектеп жасындағы 900 бала тұрады. «Дархан» ықшамауданында бір мектеп те жоқ, мектеп жасындағы балалар саны — 1 800, — деді Алматы әкімі.

Оның мәліметінше, 2022 жылға дейін қалада тағы сегіз ірі мектеп салынады, оның алтауы Алатау ауданында, қалғандары Әуезов және Наурызбай аудандарында болады. Бауыржан Байбек балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесінің шешімі туралы да айтты.

Балабақшалардағы орынмен қамтамасыз ету үшін жеке балабақшалар үшін әр балаға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Соның арқасында төрт жылда 18 мың орынға арналған 539 жеке балабақша ашылды, балаларды орынмен қамту 83%-ға өсті. 3,5 мың жұмыс орны ашылды, оларда негізінен әйел адамдар жұмыс істейді, — деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығынына өтемақы төленетінін айтты.

Ата-ананың баланың балабақшадағы тамағы үшін ғана 18 мың теңге төлейтіні белгілі, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялайды. Былтыр ғана балабақшалардағы 51 мың орын үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 миллиард теңге бөлінді. Биыл сома 1,8 миллиардқа көп. Бірақ табыс деңгейі төмен көпбалалы отбасылардың екі не одан көп баласы балабақшаға барса, бұл сома отбасы бюджетіне бәрібір үлкен жүк болады. Соған байланысты «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында көпбалалы отбасылар үшін екінші баладан бастап балабақшаға беру тегін болады, — деді әкім.

Бүгінде Алматыда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 14 мыңнан астам баласына мектепте ыстық тамақ тегін беріледі, 3 475 балаға мектеп формасы, 2 333 балаға қаржылай көмек және 4 050 балаға жазғы лагерьге жолдама беріледі.

ДереккөзTengrinews.kz