Қазақстанда бір жыл ішінде мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметі орташа есеппен 0,5%-ға, яғни 810 теңгеге дейін арзандады. Бұл туралы Energyprom.kz мамандарының зерттеуінде айтылады.

Еліміз бойынша балабақшаға бару құны Астанада, Алматыда және Ақтауда орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр. Астанада балабақшаға бір бару құны — 1940 теңге (бір жыл ішінде 4,2%-ға өскен), Алматыда 1686 теңге (1,2%-ға өскен), Ақтауда 1042 теңге (6,2%-ға өскен).

Балабақша қызметі республика аймақтарында қанша тұратынын мына жерден көруге болады.

Балабақша
Фото: Baribar.kz

Алматы білім басқармасының мектепке дейінгі бөлімінің бас маманы Эльмира Муталляпованың мәліметінше, 1 наурыздан бері Алматыдағы балабақшалар көпбалалы  және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың екінші баласынан бастап қызмет ақысын алмайтын болды. Мұндай отбасылардың балалары жергілікті бюджет есебінен тамақтандырылады. Бұрын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар ай сайын бір бала үшін балабақшаға 18 мың теңге төлейтін.

Алматы әкімдігі іске асырып жатқан осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы 350-ге жуық баланы қамтиды. Қала бойынша балабақшаға барлығы 710 отбасының балалары барады. Бүгінде Алматыда көпбалалы отбасылардың 1717 баласы бақша кезегінде тұр.

Energyprom.kz-тің мәліметінше, 2018 жылдың соңғы тоқсанында мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру қызметінің көлемі 82,7 миллиард теңге болды. Бұл алдыңғы жылдан 14,2%-ға көп.

Балабақшалардың көбінің қызметі мемлекет бюджеті есебінен көрсетіледі. 2018 жылдың төртінші тоқсанында бюджет есебінен 62,3 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген (75,4%). 24,4%-ы халықтың қаражаты есебінен (20,2 миллиард теңге).

Бюджет қаражаты жұмысшылардың жалақысына, байланыс қызметіне, шаруашылық бұйымдарына, ойыншықтар мен оқу құралдарына жұмсалады. Ата-аналар тамақ пен кезекші топ қызметіне ақша төлеп, балаларын қажет кеңсе тауарларымен қамтамасыз етеді.

Соңғы кездері балабақшалардың қатары көбейіп келеді. Соңғы бес жылда мектепке дейінгі мекемелер саны 10,3 мыңға жеткен. Балабақшаға баратын балалардың саны 634,5 мыңнан 880,9 мыңға өсті.