Бақыт Сұлтанов: Тұрғын үй құрылысы жөнінен көш бастап келеміз

Халыққа есеп беруі барысында Бақыт Сұлтанов былтыр Астанада 23 мың пәтерлік 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Барлығыңызды қуантқым келеді: біз еліміз бойынша жаңа үйлер салып, пайдалануға беру жөнінен көш бастап келеміз. 2,3 миллион шаршы метр, 23 мың пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да Астана Қазақстан бойынша көш басында келеді. 110 мың шаршы метр — 1 419 пәтер. 15 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Бұл — шамамен 4,5 мың пәтер, оның ішінде 3106 пәтер осы жылы пайдалануға беріледі, — деді Бақыт Сұлтанов.

Былтыр құлағалы тұрған 228 үй бұзылып, 3,5 мыңға жуық отбасы жаңа жайлы пәтерлерге ие болған. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 875 отбасы 27 миллиард теңгеге несие алады. Бағдарлама қолжетімді болуы үшін Жаңа жыл қарсаңында әкімдік білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 миллион теңгеден 100 субсидия бөлді, биыл тағы 2 мың сертификат беріледі деп жоспарланып отыр.

Тұрғын үй сертификаттары өзіме қатты өте ұнайды. Бірақ бір мәселе бар: бәрі бірдей талаптан өте алмайды. Әйтпесе, 2 мың сертификат — күніне 5 сертификат деген сөз. Бірақ бұл — шын мәнінде шешімді талап ететін мәселе. Жұмыс істейміз, — деді Астана әкімі.

Әкім үлескерлік құрылысқа байланысты мәселелерді жеке бақылауына алғанын айтты.

Біз ведомствоаралық комиссия аясында алданған үлескерлермен тұрақты кездесу өткіземіз. Мен айтқандай, қалағанымыздай бұл мәселені тез арада болмаса да, әйтеуір шешеміз. Қабылданған шаралардың арқасында біз проблемалы нысандардың санын 68-ден 29-ға дейін қысқарттық. Бұл — 10 344 үлескер. Біз «Жол картасын» әзірледік. Сонымен біздің жоспар 2022 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Мемлекеттік қаражат бөлінді. Олар, бірден атап өтейін, қайтарымды. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Табысты сәттер көп. Жұмыстар да көп. Бірақ тағы да қайталаймын: бұл — менің жеке бақылауымдағы мәселе, — деді Бақыт Сұлтанов.

Әкім студент жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туралы да есеп берді. Қазіргі уақытта Астанада 90 мыңға жуық студент тұрады. 32 жатақхана жұмыс істейді, онда 14 мың студент тұрады. Алайда тағы 11 мың студент жатақханаға мұқтаж. Осыған байланысты әкімдік жоғары оқу орындарына құрылыс үшін 15 жер телімін бөлді. Колледж студенттері үшін тұру мәселесі жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс арқылы хостелдерге орналастыру есебінен толық шешілді. Бұл ғимарат құрылысын үнемдеуге және дайын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.