Синоптиктер 18 ақпанда ауа райы құбылмалы болатынын ескертеді

18 ақпанда Қазақстанның аумағында атмосфералық фронтал бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, жауын-шашын болуы мүмкін, республиканың оңтүстігіндегі таулы аймақтарда толассыз жауыш-шашын жауады. Өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, бұрқасын соғады.

Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді, Ақмола облысында жел екпіні секундына 25 метрге жетеді. Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында бұрқасын соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады, Павлодар облысының кей жерлерінде жел екпіні секундына 28 метрге дейін күшейеді. Солтүстік Қазақстан облысында да жаяу бұрқасын соғып, тұман түседі, күндіз жел күшейеді.

Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болып, жел екпіні секундына 15-22 метрге дейін күшейеді. Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстарында тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді.

Алматы облысында күн тұманды, көктайғақты болады, Алакөл аумағында жылдамдығы 20-25 м/с болатын жел соғады, түнде жел екпіні 29 м/с-ке дейін күшейеді. Жамбыл облысында да тұман түсіп, көктайғақ болады, түнде екпіні 23-28 м/с жел соғады, өңірдің оңтүстік-батысында жел екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.

Астанада 3-5 градус аяз, Алматыда 2-4 градус жылы, Шымкентте 3-5 градус жылы болады.

«Қазгидромет» мәліметіне сүйенген ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, Ақмола облысында және Астанада тұман мен көктайғаққа, желдің күшеюі мен жаяу бұрқасынға байланысты, Жамбыл облысында тұман мен көктайғаққа және желдің күшеюіне байланысты, Түркістан облысында тұман мен көктайғаққа, желдің күшеюі мен толассыз жауын-шашынға байланысты ескерту жарияланды. Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарында қардың еруі салдарынан тасқын болу қаупі бар.