Банктердің қарыз беру кезінде комиссия алуына тыйым салынады

Ұлттық банктің екінші дәрежелі банктердің жеке тұлғаларды кредиттеуі кезінде комиссиялардың жекелеген түрлеріне салған тыйымы наурыздан бастап күшіне енеді.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы екі жылда қабылданған валюталық реттеу, қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау, меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың шеңберінде екінші дәрежелі банктердің жеке тұлғаларды кредиттеуі кезінде комиссияның кейбір түріне тыйым салатын өзгерістер енгізілген еді.

Екінші дәрежелі банктердің ай сайынғы негізде комиссияларды алуын қысқарту мақсатында Ұлттық банк қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сонымен бірге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттары бойынша қарызды банктік шотқа аударғаны (бергені) үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салды.

Тыйым 2019 жылғы наурыздан бастап жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылады. 2019 жылдан бастап сыйақымен және тұрақсыздық айыбымен қатар банктер жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша мерзімі қатарынан 180 күнтізбелік күн өткеннен кейін есептелген қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді талап етуге құқылы емес, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Ұлттық банк жылжымайтын мүлік кепілімен ипотекалық қарыз алған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында банктерге мерзімі 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеуді талап етуіне тыйым салды.

2019 жылғы 21 қаңтардағы заң қолданысқа енгізілгенге дейін, яғни 2019 жылдың 3 ақпанына дейін есептелген және төленген сыйақының қайта есептелмейтінін білген дұрыс. 2018 жылғы 2 шілдедегі заңмен қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге төлемдер қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігіне енгізілді. 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап өзгерістер күшіне енді, оған сәйкес банктерге қарыз алушыларды төленетін сыйақының мөлшері туралы хабардар ету мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін жылдық пайызбен ғана емес, сол сияқты белгілеген сомада, яғни нақты сома мөлшерінде көрсету мүмкіндігі беріледі, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Сыйақы мөлшерлемесінің шамасын белгіленген сомада бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыз бойынша және төлем карточкасымен кредиттік желі шеңберінде берілген қарыз бойынша, овердрафт кредиті бойынша, сонымен бірге кредиттік желі беру туралы келісім бойынша ғана көрсетуге рұқсат етіледі.